Елде су тарифін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілді

Биыл 16 қазандағы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен сумен жабдықтау және су бұру қызметтері көлемін есептеу әдістемесі бекітілді
Не өзгереді
Егер жеке тұлғада су есептегіші орнатылмаған болса, тұтыну көлемі әкімдіктер бекіткен коммуналдық қызмет нормаларына сай, бір адамға шаққан есеппен анықталады. Ал есептегіш бар тұтынушылар үшін су және сарқынды су көлемі тек сол аспаптың көрсеткішімен өлшенеді
Деректер қайдан алынады
Тұтынушылардың тіркелген саны туралы мәліметті жеткізуші ұйымдар «электрондық үкімет» порталы мен мемлекеттік деректер қорлары арқылы алады. Бұл ақпарат есептеу дәлдігін арттыруға бағытталған.
Өрт сөндіру шығыны
Құрылыс нысандарындағы су жүйелерін шаю кезінде есептегіш болмаған жағдайда пайдаланылған су көлемі гидравликалық есеп арқылы айқындалады. Өрт сөндіруге жұмсалған су көлемі өрт қызметі ұсынған актілер негізінде жергілікті бюджет есебінен өтеледі.
Сараланған тарифтер
Елді мекеннің су жүйесіне қосылмаған, бірақ түрлі су көздерін пайдаланып, сарқынды суды сол елдімекеннің су бұру жүйесіне ағызатын жеке тұлғалар үшін су бұру қызметтерінің көлемі су есептеу аспаптарының көрсеткіштері негізінде немесе әкімдіктер бекіткен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша есептеледі.
Есептегіш уақытша істен шықса немесе тексеріс кезінде алынса, су тұтыну көлемі соңғы үш айдың орташа көрсеткішімен анықталады. Бір айдан кейін есептегіш орнатылмаса, есеп әкімдік нормасы бойынша жүргізіледі.