Қазақстанның ірі мұнай жобасы АҚШ санкциясына ілігуі мүмкін

Қазақстанның ірі мұнай кен орындарының бірі – «Қаламқас-Хазар» жобасы АҚШ санкциясына ілігуі мүмкін. Өйткені бұл кен орнын игеріп жатқан Kalamkas-Khazar Operating LLP акционерінің бірі – ресейлік «Лукойл» компаниясы. Бұл компанияға 22 қазан күні АҚШ билігі санкция салған.
Kalamkas-Khazar Operating LLP компаниясына ресейлік «Лукойл» мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» АҚ 50 пайыздан иелік етеді.
«Нефть и Газ Казахстана» Telegram-арнасы атап өткендей, жаңа санкция Ресей мен АҚШ президенттерінің Венгриядағы жоспарланған кездесуі кейінге қалған соң жарияланған. Санкцияның басты нысанасы – «Роснефть», «Лукойл» және олардың 50% немесе одан көп үлесі бар еншілес компаниялары.
«Kalamkas-Khazar Operating LLP АҚШ санкцияларының әсеріне іліккен компаниялар қатарында аталды», – дейді арна авторы Олег Червинский.
Қандай жобалар санкцияға ілікпеді?
Екі ел арасындағы энергетикалық әріптестіктің стратегиялық сипатын ескере отырып, санкция тізімінен Теңіз (TCO) және Каспий Құбыр Консорциумы (КТК) жобасы шығарылды. Өйткені бұл жобаларда америкалық компаниялардың үлесі бар.
Energy Monitor арнасының авторы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша:
«Теңіз, Қарашығанақ және КТК жобалары санкцияға ілікпейді, себебі бұл жобалардағы «Лукойл» үлесі 50%-дан төмен. Ал Kalamkas-Khazar жобасының жағдайы бөлек».
АҚШ заңнамасына сәйкес санкция салынған компанияларға тікелей немесе жанама түрде 50% және одан жоғары үлеспен байланысты кез келген заңды тұлға автоматты түрде шектеуге ұшырайды.
Energy Analytics арнасының авторы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, аталмыш жобаға қатысты мәселе ашық күйінде қалып отыр. Бұл жоба бойынша 2025 жылдың желтоқсанында $6,4 млрд көлеміндегі түпкі инвестициялық шешім (FID) қабылдануы тиіс еді. Санкциялар салдарынан мерзім тағы да кейінге шегерілу қаупі бар.
«Лукойл» 2024 жылы Kalamkas Khazar Operating компаниясының 50 пайыз үлесін 200 млн долларға сатып алған. Аталмыш компания Каспий теңізі қайраңындағы «Қаламқас-Теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кен орындарында мұнай өндіру құқығына ие.
«Қаламқас-теңіз» бен «Хазардың» жалпы қоры 67 млн тонна мұнай мен 9 млрд текше метр газға бағаланады. Жобаның құны шамамен 6 млрд долларға тең. Ол 2028 жылы жүзеге асуы тиіс.