Төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады: әлеуетті төрт орын белгіленді

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторларға берген жауабында Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу үшін әлеуетті төрт орын белгіленгенін, оның бірі Маңғыстау облысы екенін атап өткен
Сенаторлар сұрауы
Еске сала кетейік, сенатор Саламат Алдашев пен Бауыржан Орынбасаров Үкіметке Маңғыстау облысында қуаты 5 млн тоннаға дейінгі шағын мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін ұсынған еді.
Олардың айтуынша, өңірде көлік логистикасы мен туризмді дамытуға бағытталған ірі жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтау теңіз портының тереңдетілуі, контейнерлік және авиациялық хаб құрылысы, Кендірлі әуежайы мен «Сексеуіл–Бейнеу» автожолының жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар Маңғыстаудың транзиттік әлеуетін арттырғанымен, жанар-жағармай тапшылығы өңірдің дамуын тежеп отыр.
Сенаторлар елімізде жылына 1 млн тоннаға жуық авиакеросин қажет екенін, бірақ оның 30–35%-ы шетелден импортталатынын атап өтті. Ал болашақта Маңғыстаудағы Аэрохаб іске қосылғанда, өңірдің авиаотынға сұранысы төрт есеге дейін өседі.
Депутаттардың пікірінше, өңір мұнайды жылына 18 млн тонна көлемінде өндіреді. Бірақ оны шикізат күйінде сыртқа жөнелтіп, кейін дайын өнімді қымбат бағамен қайта сатып алып отыр. Сондықтан жергілікті шағын мұнай өңдеу зауыты өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, импортқа тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар отын бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Сенаторлар Үкіметтен осы жобаны өңірдің кешенді дамуы мен логистикалық инфрақұрылымын жаңартудың маңызды бөлігі ретінде қолдауды сұраған.
Бектеновтің жауабы
Сауалға жауап берген Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі қаулысымен 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін хабарлайды. Тұжырымдамаға сәйкес 2028-2030 жылдары алдын ала техникалық экономикалық негіздеме (pre-FEED), 2030-2032 жылдары жобалық сметалық құжаттама әзірлеу, 2032-2040 жылдары қуаты жылына 10 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын салу бойынша іс-шаралар көзделген.
«Қазір Энергетика министрлігі «Қазақстан біріктірілген мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған техникалық тапсырма жобасын әзірледі. Жобаға қатысушыларды айқындау және кемінде төрт әлеуетті орналасу орнын зерттеу бөлімдері енгізілген, оның ішінде Маңғыстау облысын да қарастыру жоспарлануда. Жоба мұнайды терең өңдеу бойынша жаңа өндірістік қуаттарды енгізуді көздейді, бұл өз кезегінде ТС-1/Jet A-1 сапасындағы авиакеросин өндіруді қамтамасыз етеді», – делінген жауапта.
Премьер-министр сонымен қатар Маңғыстау облысында қуаттылығы жылына 5 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын салу алдын ала инвестиция тартуды талап ететінін сөз етеді. Сонымен қатар инвестицияның өтелуін қамтамасыз ету үшін авиаотынның өзіндік құны жоғары болатынын ескерген жөн екені айтылған. Осылайша, Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу «Қазақстандабіріктірілген мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу» жобасын іске асыру аясында қарастырылғалы отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың сұхбаты Petroleum журналының арнайы санында жарияланатынын жазғанбыз. Оның үзіндісін OilgazKZ телеграм-арнасы жариялады.