Жеке несие рейтингі деген не және оны қалай көтеруге болады

Жеке несие рейтингі – банктер мен микроқаржы ұйымдары адамның кредит алу қабілетін бағалау үшін қолданатын негізгі көрсеткіштердің бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, сіздің қаржылық беделіңіз бен несиеге деген жауапкершілігіңізді көрсететін балл.
Егер сіз бұрын кредитті уақытында төлеп, қарызыңызды дұрыс басқарсаңыз, несие рейтингіңіз жоғары болады. Ал, керісінше, төлемді кешіктіріп, қарыз көп болса, рейтинг түсіп кетеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке несие тарихын қалай жақсартуға болатынын түсіндіреді.
Қазақстанда азаматтардың несие тарихы туралы деректер екі ұйымға жинақталады: Мемлекеттік кредиттік бюро және Бірінші кредиттік бюро.
Банк, микроқаржы ұйымдары, ломбард, байланыс операторлары, тіпті кейбір коммуналдық компаниялар да сіздің төлем тәртібіңіз туралы ақпаратты осы бюроларға береді.
Несие тарихына енгізілген мәліметтер соңғы өзгеріс енгізілген күннен бастап бес жыл бойы сақталады. Сондықтан бұрынғы қарыздарыңыз жабылған болса да, олардың тарихы біраз уақыт бойы көрініп тұратынын ескерген жөн.
Жеке несие рейтингі не үшін керек
Рейтинг банктер үшін өте маңызды, себебі ол қарыз алушының сенімділігін көрсетеді. Жоғары рейтинг – несиені оңай алу мүмкіндігі, төмен пайыздық мөлшерлеме және банктің сізге деген сенімі.
Егер рейтингіңіз төмен болса, банк несие беруден бас тартуы немесе қатаң шарттар ұсынуы мүмкін. Бұл – олардың тәуекелді азайту тәсілі.
Әр адам өз несие рейтингін біле алады. Ол үшін жылына бір рет тегін eGov.kz порталы, Бірінші несие бюросының сайты немесе қосымшасы арқылы, сондай-ақ ХҚКО немесе Қазпошта бөлімшелеріне барып сұратуға болады.
Бұл – өз қаржылық беделіңізді бақылаудың ең дұрыс жолы. Сонымен қатар бұл сіздің атыңызға басқа біреулердің заңсыз кредит рәсімдеп қоймағанына көз жеткізуге көмектеседі.
Несие рейтингін қалай көтеруге болады
Енді несие рейтингін қалай көтеруге болатынына тоқталсақ. Ең бастысы – несиені уақытында төлеу. Тіпті аз уақыт кешіктігеннің өзі рейтингке кері әсер етуі мүмкін.
Егер қаржылай қиындық туындаса, кредитордан жасырынып қалмай, банкпен немесе МҚҰ-мен келісімге келген жөн. Төлемді кейінге шегеруге немесе бөліп төлеу туралы келісім жасауға болады.
Қарызды мүмкіндігінше уақытынан бұрын жауып отыру да рейтингті жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге әр кредит жабылған соң банкке барып, қарыздың толық өтелгені туралы анықтама алу керек. Бұл құжат арқылы кредиттік бюроларда қате ақпараттың қалып қоймауын бақылауға болады.
Несие рейтингі – қаржылық өмірдегі маңызды көрсеткіш. Оны жақсы деңгейде ұстау арқылы болашақта баспана, автокөлік немесе тұтынушылық кредитті тиімді шартпен алу мүмкіндігіңіз артады.
Кредит алудың тиімді тәсілдері мен жасырын шығындардан қалай құтылуға болатынын мына сілтемемен оқи аласыз.