Мәжілісте ең ұзақ депутат болған кім

Kursiv.media тілшісі Мәжілісте ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқан «ардагер» депутаттартың тізімін жасап көрді.
Нұртай Сабильянов – 19 жыл
Мәжіліс қабырғасында ең ұзақ жұмыс істеген ардагер депутат – Нұртай Сабильянов. Ол 19 жылға жуық халық қалаулысы болып келеді. Оның депутаттық мансабы 2004 жылы басталды. Нақтырақ айтсақ, 2004 – 2007 жылдары III сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Сабильянов IV шақырылымға да өз кандидатын ұсынып, мәжіліс қабырғасында 2011 жылға дейін тағы қалды. Депутаттық қызметке білек сыбана кірісті ме, V шақырылымда да оның кандидатурасын құптайды. Осылайша депутат 2016 жылға дейін заң шығару ісіне өз үлесін қосады. Депутат ретінде әбден төселген Нұртай Салихұлы 2021 жылға дейін VI шақырылымда сайланғандар қатарына тағы кіреді. Екі жыл ғана үзіліс жасап, 2023 жылы үйреншікті қызметіне тағы оралады. Мәжілістің «ардагер» депутатын «Amanat» партиясы ұсынады.

Сабильяновтың саяси мансабындағы есте қаларлық жайттардың бірі, өзінің сайлаушыларын сотқа беруі болды. Ол ШҚО (қазіргі Абай облысы) Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылының тұрғындарынан 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен. Басты себеп – «Жас Алаш» газетіне жарияланған ауыл тұрғындарының хаты. Онда депутат сайлауалды уәдесін орындамағаны айтылған. Бұл дау соңында екі тараптың татуласуымен аяқталды.
Азат Перуашев – 13 жыл

«Ақ жол» партиясының төрағасы және Мәжілістегі фракция басшысы Азат Перуашевтың депутаттық мансабы 13 жылдан асады. Ол Парламент қабырғасына 2012 жылы келді. 2016 жылға дейін V шақырылымда сайланған депутаттар тізімінде болды. Депутаттық мандатын VI шақырылымда да жалғастыруды жөн санап, сайлауда жеңіске жетеді. Осылай 2021 жылға дейін мәжілісте тағы қалады. 2021 – 2023 жылдары VII шақырылымда да сайланды. Қазір де VIII шақырылымда сайланған депутаттар қатарында.
Оның Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасын жариялау сәтінде көз жасына ерік берген сәтін халық әлі ұмыта қойған жоқ.
9 жыл депутат болғандар

Дания Еспаева. Қазіргі уақытта Мәжіліс төрағасының орынбасары. Оның жалпы депутаттық еңбек өтілі 9 жылға жуық. Ол VI шақырылымнан бастап Парламентте қызмет етіп келеді. Еске салайық, 2019 жылы Қазақстан президенттігіне үміткер болған еді.
Снежанна Имашеваның депутат болып жүргеніне 9 жылға жуық уақыт өткен. Ол қатарынан соңғы үш шақырылымда сайланған депутаттың бірі.

Бұдан бөлек Ерлан Барлыбаев, Павел Казанцев, Ирина Смирнова да 9 жылға жуық депутаттық мандатын сақтап келеді.
Альберт Рау, Магеррамов, Тұрлыханов – 8 жыл
2017 жылы инвестициялар және даму бойынша бірінші вице-министр қызметін атқарып жүрген Альберт Рау VI шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып «Нұр Отан» (қазіргі «Amanat») партиясынан сайланды. Бір уақыттары Ақмола облысыны әкімі де болған. Ол VII және VIII шақырылымдарда да қайта сайланды. Қазір Мәжіліс Төрағасының орынбасары. Бұрынғы шенеуніктің депутаттық еңбек өтілі 8 жылға жуықтайды.

«Қазақстан Халық партиясынан» сайланған Магеррам Магеррамов. 2016 жылы VI шақырылымның депутаты болып сайланды. Десе де оған дейін де кандидатурасын ұсынып келген еді. Ал VII-VIII шақырылымда ол партиялық тізім бойынша өтті. Магеррамовтың да депутаттық жолдағы қызметі 8 жылға жуықтап қалды.
Дәулет Тұрлыханов халыққа ең алдымен спорттағы жетістіктерімен жақын таныс. Оның ең негізі жетістіктерінің бірі 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль иегері атануы. Әлем чемпионатының жеңімпазы және Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Десе де Тұрлыханов жалпы алғанда шамамен 8 жылдай депутат ретінде қызмет атқарып келеді.

Ол 1994 жылы Алматыда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде бастады. 1995 жыл мен 2000 жыл аралығында ол I және II шақырылымдардағы Мәжіліс депутаты болып сайланды. Осыдан кейін Парламенттен кетіп, Туризм және спорт агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Дегенмен 2023 жылы тағы да Мәжіліс қабырғасына келуді құп көрген. Осылайша ол бірмандатты округ бойынша сайлауда жеңіске жетіп, VIII шақырылымдағы депутаттар қатарына қосылды.
Мұрат Әбенов – 7 жыл

Мұрат Әбенов 2007 – 2012 жылдар аралығында IV-V шақырылымында депутат болған. Араға 11 жыл салып депутаттық мансапқа қайта оралды. Қазір Мәжілісте экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. Әбеновтың жалпы депутаттық еңбек өтілі 7 жыл шамасында.