Қазақстанда тым кедей өмір сүретіндердің үлесі небәрі 0,04% – статистика

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда төмен табыс табатын азаматтардың саны – небәрі 16,5 мың адам / Фото: kursiv.media архиві

Орталық Азияның көптеген елдері әлі де болса күнкөріс үшін күресіп жатқанда, Қазақстан аймақтағы ең әл-ауқатты мемлекеттердің бірі ретінде өз орнын нық сақтап отыр.

Ranking.kz мәліметінше, биыл Дүниежүзілік банк шектен тыс кедейлік шегін қайта қарап, бұл көрсеткішті күніне 2,15 емес, 3 доллар деп белгіледі.

Әлемдегі 125 млн адам кедей тұрады

Қайта есептеуден кейін әлем бойынша тағы 125 млн адам кедейлер қатарына енді. Алайда Қазақстан бұл өзгерістерге қарамастан, халқы жаһандық күнкөріс шегінен әлдеқайда жоғары өмір сүріп жатқан елдердің қатарында қалды.

Мысалы, Ресейде шектен тыс кедейлік деңгейі – 0,04%, ал Беларусьте ресми түрде – 0%.

Our World in Data ұсынған жаңа деректерге сәйкес, Қазақстанда шектен тыс кедей өмір сүретіндердің үлесі – небәрі 0,04%. Бұл – ЕАЭО мен Орталық Азия елдерінің басым бөлігінен төмен көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде қарасақ, Тәжікстанда кедейлік деңгейі – 61%, Қырғызстанда – 2,7%, Өзбекстанда – 2,72%.

Қазақстанда кедейлік деңгейі төмен

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде азық-түлік себетінің құнынан төмен табыс табатын азаматтардың саны – небәрі 16,5 мың адам. Бұл – халықтың 0,1 пайызы ғана, яғни орташа стадионға да сыймайтын көлем.

Кедейлік деңгейі біртіндеп төмендеп келеді:

  • 2023 жылы – 0,2%;
  • 2024 жылы – 0,1%;
  • 2025 жылдың алғашқы тоқсанында да осы деңгей сақталған.

Ауылдық жерлерде табыс деңгейі төмен болғанымен, бұл жерде де оң өзгеріс байқалады.Мәселен кейбір өңірлерде азық-түлік минимумынан төмен табыспен өмір сүретін бірде-бір адам қалмаған.

Күнкөріс минимумы мен нақты табыс

2024 жылы Қазақстандағы күнкөріс минимумы 51,5 мың теңгені, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 52,5 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, тұтынуға арналған орташа айлық табыс 99,2 мың теңге болды, бұл шамамен күніне 20 долларды құрайды, яғни бұл көрсеткіш шектен тыс кедейлік шегінен 6 есе жоғары.

Соңғы екі жылдағы инфляция (шамамен 19%) ескерілгеннің өзінде, бұл көрсеткіш тұрақты деңгейде қалып отыр. Демек, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі көршілес елдерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Маусым айындағы дерекке сүйенсек, Қазақстандағы ресми кедейлік шегі 5,4%. Алайда үкіметтің кедейлік көрсеткіші мен Дүниежүзілік банк көрсеткіші сәйкеспейді.

Сондай-ақ оқыңыз