«Бәйтерек» жыл соңына дейін инвестициялық холдингке айналады

«Бәйтерек» жыл соңына дейін инвестициялық холдингке айналады. Үкімет «Байтерек» холдингін трансформациядан өткізу арқылы елге инвестиция тарту тетіктерін күшейту және экономикалық өсімді жеделдетуді жоспарлап отыр. Бұл шешім – 2029 жылға дейін ішкі жалпы өнімді екі есе арттыруға бағытталған саясаттың маңызды бөлігі.
Жаңа инвестициялық модель
Алдағы төрт жылда мемлекет жыл сайын «Бәйтерек» холдингінің капитализациясы 1 трлн теңгеге артырады. Сонымен қатар холдинг жылына 8 трлн теңгеге дейін сырттан инвестиция тартуы керек. Қаражат экономиканың басым секторларындағы ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, «Бәйтерек» енді экономикалық саясатты жүзеге асыратын негізгі институтқа айналады.
«Холдинг жаңа модель бойынша инвестициялар тартудың басты орталығына айналып, стратегиялық жобаларға қолдау көрсетеді. Бұл – проактивті экономикалық өсім саясатын іске асырудың негізгі құралы», – делінген хабарламада.
Трансформация аясында «Бәйтерек» холдингінің басқару моделі де қайта қаралады. Қазіргі басқарушы холдингтің құрылымы жаңа инвестициялық міндеттерге сай оңтайландырылады.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.