Трамп жарнамаға байланысты Канадаға тарифтерді 10%-ға арттырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Канадаға салынатын тарифтерді 10 пайызға арттыратынын жариялады. Бұл шешім Онтарио провинциясы үкіметінің АҚШ-тың кедендік саясаттарын сынға алған жарнамалық бейнеролигіне жауап ретінде қабылданды, деп хабарлайды Bloomberg.
Трамптың Truth Social платформасындағы жазбасы жарнаманы төңіректеген бірнеше күндік пікірталастан кейін жарияланды. Сол роликте еркін сауданы қолдаған бұрынғы президент Рональд Рейганның көзқарасы келтірілген болатын. Бұл жарнама қазіргі Ақ үй басшысының ашуын тудырып, Канадамен келіссөздердің уақытша тоқтауына себеп болды.
«Фактілердің өрескел бұрмалануы мен дұшпандық әрекеттерге байланысты мен Канадаға салынатын тарифті қолданыстағы мөлшерге қосымша тағы 10 пайызға көтеремін», – деп жазды Трамп.
АҚШ президенті бұл шешімнің нақты қандай тауарларға қатысты болатынын нақтылаған жоқ. Қазір Канадаға қатысты базалық америкалық тариф мөлшерлемесі 35 пайызды құрайды, бірақ ол АҚШ, Мексика және Канада арасындағы (USMCA) келісім талаптарына сай келетін тауарлардың басым бөлігіне қолданылмайды. Осыған байланысты, мысалы, Канада мұнайының миллиондаған баррелі күн сайын АҚШ-қа баж салығынсыз жеткізіледі.
Бірақ болат пен алюминийге мұндай жеңілдіктер жүрмейді – бұл металдарға импорт кезінде 50 пайыздық тариф қолданылады. Канадалық автокөліктер мен жүк көліктері де ішінара ғана босатылған: шетелдік көліктердің көпшілігіне 25 пайыздық тариф енгізілген.
Канаданың Сауда палатасының төрайымы Кэндис Лэинг бұл шешімге алаңдаушылық білдіріп «Кез келген деңгейдегі тариф – алдымен Американың өзіне салынған салық, ал одан кейін бүкіл Солтүстік Американың бәсекеге қабілеттілігіне соққы» деді.
Лэинг дипломатиялық жолмен келіссөздерді қайта жандандыруға үміт білдірді.
Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ-пен тарифтерді төмендету жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал Онтарио провинциясының премьері Даг Форд Карнимен сөйлесуден кейін даулы бейнероликтердің АҚШ-та көрсетілуін уақытша тоқтататынын айтып, келіссөз процесін қайта бастауға ниетті екенін білдірді.
«Америкалық тарап дайын болған кезде біз келіссөз үстеліне қайта оралуға әзірміз», – деді алғашқы келіссөздердің үзілуінен кейін Карни.
Ол болат, алюминий және энергетика салаларында белгілі бір ілгерілеу бар екенін атап өтті.
Алайда Ақ үйдің экономикалық кеңесшісі Кевин Хассетт Fox News-ке берген сұхбатында келіссөздердің «сәтсіз өтіп жатқанын», ал Трамптың «өте ашулы» екенін мәлімдеді. Ақ үй жаңа тарифтік шешімге қатысты пікір беруден бас тартты.
АҚШ-пен сауда мәселесіне жауапты министр Доминик Леблан Канада «екі елдің жұмысшылары мен отбасыларына бірдей тиімді нәтижеге жетуге» бағытталғанын айтып, «прогресс тек тікелей өзара іс-қимыл арқылы мүмкін» екенін жеткізді. Фордтың өкілі «Премьердің жұма күнгі мәлімдемеде айтылған ұстанымы өзгерген жоқ» деп хабарлады.
Трамптың айтуынша, Онтарио үкіметінің жарнамасы АҚШ Жоғарғы сотындағы тыңдаулармен тұспа-тұс келіп отыр. Ол жерде Трамп әкімшілігінің кейбір сауда тарифтерінің заңдылығына қатысты іс қаралып жатыр. Істі қарау 5 қарашаға жоспарланған. Президент егер сот оның тарифтік саясатын жойса, бұл «нақты апатқа» айналып, үкімет компанияларға миллиардтаған доллар баж салығын қайтаруға мәжбүр болуы мүмкін екенін ескертті.
Рейган есімі аталған Онтарио үкіметінің жарнамасы – АҚШ тарифтеріне қарсы кең ауқымды науқанның бір бөлігі. Бұған дейін Фордтың баспасөз хатшысы бейнеролик бірнеше ай бойы түрлі телеарналарда көрсетілетінін хабарлаған. Науқанның жалпы құны шамамен 75 млн канадалық долларды (шамамен 53,6 млн АҚШ доллары) құраған.
Бұл жағдай екі ел арасындағы сауда байланыстарында қайтадан белгісіздік туғызды. Өткен жылы олардың өзара сауда айналымы 900 млрд долларға жуық болған. Канада мен АҚШ экономикалары, әсіресе автокөлік жасау және металлургия салаларында, жеткізу тізбектері арқылы тығыз байланысқан.
Бұған дейін Трамп Канадамен барлық келіссөздерді тоқтататынын мәлімдеген. Себебі аталған жарнамада Рональд Рейганның 1987 жылғы еркін сауданы қорғаған және тарифтерді «ескірген әрі инновацияны тежейтін, бағаларды өсіріп, америкалық жұмысшыларға зиян келтіретін идея» деп атаған сөздері пайдаланылған болатын.