Неліктен аккумулятор үнемі «отырып» қала береді

Аккумулятор – көліктің электр жүйесінің негізгі қуат беруші орталығы. Дәл осы құрылғы қозғалтқыштың оталуын, жарық шамдарының, пештің, әйнек жылытқыштардың және мультимедианың жұмысын қамтамасыз етеді. Бірақ кейде жүргізушілер мынадай жағдайға тап болуы мүмкін: кілтті бұрайсыз– ал көлік оталмайды. Стартер айналмайды, шамдар әрең жанып тұр. Демек, аккумулятор тағы да «отырып» қалған.
Неліктен бұлай болады? Шынымен батарея мүлде жарамсыз ба, әлде оны іске қосуға бола ма? Төменде аккумулятордың тез «отыруының» он негізгі себебін және мұндайды болдырмау жолдарын қарастырамыз.
Кез келген заттың тозатын уақыты болады
Аккумулятордың орташа қызмет мерзімі – 3-5 жыл. Уақыт өте келе батарея ішінде химиялық өзгерістер жүреді: пластиналар сульфаттанады, электролиттің тығыздығы төмендейді, ал өткізгіштік нашарлайды. Оның бірінші белгісі, қозғалтқышты қосу қиындайды, әсіресе, суықта. Екінші, қозғалтқыш өшіп тұрғанда фаралар әлсіз жанады. Үшінші, вольтметр 12 В-тан төмен көрсетеді. Мұндайда не істеу керек? Егер көліктің аккумуляторына 4 жылдан асса, оны ауыстыруды алдын ала жоспарлаңыз. Зарядтау уақытша көмектескенімен, ұзаққа бармайды.
Көлікпен жиі жүрген сайын аккумулятор тезірек тозатыны рас па?
Қызық жайт: көлік жиі жүрген сайын аккумулятор тезірек тозады.
Қала ішінде қысқа қашықтықта жүру (10-15 минутқа дейін) кезінде генератор шығындалған энергияны толтырып үлгермейді.
Әсіресе, қыс мезгілінде, қосымша жүктемелер артқан кезде осылай болады. Мәселен, пеш пен әйнек қыздырғышы, жарық шамдары, орындық пен айналарды жылыту жүйесін атап айту керек.
Мамандар, көлікпен аптасына бір рет болса да трассаға шығып, 30-40 минут жүру керек, сонда аккумулятор толық қуат алады деп есептейді.
Генератордың ақауы
Генератор – көліктің «қуат көзі». Егер ол дұрыс істемесе, аккумулятор керекті кернеуді алмайды. Оның істен шыққанының белгілері: панельде аккумулятор шамы жанып немесе жыпылықтап тұрады, газ бергенде шамдарының жарығы өзгереді, генератор белбеуінен ысқырық дыбыс шығады.
Суық пен қыс кезіндегі жағдай
Қазақстанның қысы – аккумулятор үшін ең ауыр сынақ. -30°C-та батарея сыйымдылығы шамамен 50%-ға дейін төмендейді, ал қою май қозғалтқышты айналдыруды қиындатады. Мұндай жағдайда ескі аккумулятор қозғалтқышты іске қосуға шамасы жетпейді. Сондықтан қыс кезінде аккумуляторға қатысты мәселелер артады.
Мұндайда төмен тұтқырлықтағы май қолдану (мысалы, 0W-30 немесе 5W-30), жылу оқшаулағыш қап пайдалану, суық маусымда айына бір рет зарядтау сынды шаралар қолдануға болады.
Авто ұзақ тұрып қалса да, қиындықтар туындауы мүмкін
Көлік 2-3 апта қозғалмай тұрса, аккумулятор табиғи түрде зарядын жоғалтады.
Егер кернеу 10В және одан төмен түссе, пластиналар сульфаттанады, ал мұндай зақымның салдары айқын. Сарапшылар көлік ұзақ тұратын болса, минус клеммасын ажыратып немесе ақылды зарядтау құрылғысын (smart charger) қолданған жөн деп есептейді.
Ластану мен ылғал
Аккумулятор үстіндегі шаң-тозаң мен ылғал энергия жоғалтуға себеп болуы мүмкін.
Себебі кір мен тұз ток өткізетін көпірлер түзеді.
Не істеу керек:
- клеммаларды таза ұстап, арнайы маймен майлаңыз;
- корпус құрғақ болсын;
- көлікті жуған кезде аккумуляторға су тигізбеңіз.
Стартердің қуат шығындауы мүмкін
Егер стартер ескірсе, іске қосылған сайын аккумуляторға артық салмақ салады.
Салдарынан батарея көлікті оталдырған сайын әлсірей береді. Оның негізгі белгісі – стартер баяу айналып, дыбысы өзгереді.
Қосымша гаджеттер мен электроника
Қазіргі көліктерде көптеген құрылғы бар: бейнетіркеуіш, навигация, интернет-модем, дыбыс жүйесі, ал кейбіреуі аккумуляторға тікелей қосылған.
Олар көлік өшіп тұрса да қуатты жұмсай береді.
Кеңес:
- Қосымша құрылғылардың орнатылуын тексеріңіз;
- Қорғаныс релесі немесе автоматты өшіргіш қолдану;
- Түнге бейнетіркеуішті өшіріп қою.
Аккумуляторды артық зарядтау да қауіпті. Кернеу тым жоғары болса, электролит қайнайды, пластиналар бұзылады, корпус ісінеді. Себебі генератордың кернеу реттегіші істен шығуы ықтимал.
Аккумулятордың қызмет мерзімін ұзартудың 7 тәсілі
- Айына бір рет электролит деңгейі мен тығыздығын тексеріңіз.
- Клеммалар мен сымдарды таза ұстаңыз.
- Қозғалтқыш өшірулі тұрғанда қуатты музыка немесе жарық пайдаланбаңыз.
- Әр техникалық қызмет көрсету кезінде генераторды тексертіңіз.
- Қыс алдында батареяны зарядтап алыңыз.
- Кернеудің 11,5 В-тен төмен түсуіне жол бермеңіз.
- Аккумуляторды жылы әрі құрғақ жерде сақтаңыз.
Аккумулятордың жиі отыруы – әрдайым ақауға байланысты емес. Кейде бұл қысқа сапарлардан, аяздан немесе қосымша құрылғылардан туындайды. Бірақ егер батарея тәулік ішінде толық отырып қалса – генераторды міндетті түрде тексертіңіз.
Бұған дейін қыс мезгіліне дөңгелек таңдау туралы жазған едік.