Бұқарада 24 жастағы әйел пластикалық операциядан кейін көз жұмды

Бұқарада 24 жастағы әйел пластикалық операциядан кейін көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерді айыптап жатыр.
Олардың айтуынша, хирургиялық ота кезінде елеулі медициналық қателіктер жіберілген.
Kun.uz басылымының хабарлауынша, Бұқара қаласында 24 жастағы Шахризабегім Халикова пластикалық операциядан кейін қайтыс болды.
2001 жылы туған Шахризабегім Халиковаға 2025 жылдың 25 қыркүйегінде Бұқарадағы жекеменшік клиникалардың бірінде пластикалық операция жасалған.
Марқұмның әпкесі Хуснбону Каримованың Instagram желісінде жазуынша, операция алдында қажетті талдаулар жүргізілмеген. Қан талдауы тек операцияға екі сағат қалғанда алынған. Онда гемоглобин деңгейі өте төмен болған. Сонымен қатар несеп талдауы мен ЭКГ жасалмаған. Соған қарамастан дәрігер операцияны өткізуге шешім қабылдаған.
Операциядан кейін пациенттің жағдайы күрт нашарлаған. Туыстарының айтуынша, дәрігер клиника қызметкерінен алынған донорлық қанды енгізуді бұйырған. Осыдан кейін әйелдің бүйрегі істен шығып, 27 қыркүйекте ол Бұқара қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген.
«Менің әпкем бір ай бойы өмірі үшін күресті. 24 қазанда дәрігер оны шұғыл түрде Ташкентке жеткізу керек деді. Бірақ жолда жүрегі тоқтап қалды. Артында алты жастағы ұлы мен үш жастағы қызы қалды», — дейді марқұмның ағасы.
Бұл оқиға бойынша ресми түсініктеме әзірге берілген жоқ.
Мұның алдында қазақстандық жұлдыздардың ішінде пластикалық операция жасатқандар бар екені туралы жазған едік.