Қазақтар құлдыққа жиі түсетін Мьянмада 10 мың шетел азаматы ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мандалай (Мьянма) шетіндегі жібек пен мақта фабрикасы / фото: shutterstock
Мандалай (Мьянма) шетіндегі жібек пен мақта фабрикасы / фото: shutterstock

Мьянмада алаяқпен күрес операциясы барысына 10 мыңға жуық шетел азаматы ұсталды. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін.

Агенттік мәліметінше, кейінгі тоғыз айда Мьянманың әскери билігі 10 мыңға жуық шетел азаматын ұстаған. Хунта оларды интернет алаяқтықпен айналысу үшін елге заңсыз кірді деп есептейді.

Елдің ақпарат министрлігі 27 қазанда арнайы операция туралы мәлімет жариялады.

«2025 жылғы 30 қаңтардан 26 қазанға дейін Мьянма билігі елге заңсыз кірген 9964 шетел азаматын ұстады. Олардың 9339-ы Таиланд арқылы депортацияланды, ал қалған 625-і елден шығаратын уақытты күтіп, қамауда отыр», – делінген ресми ақпаратта.

Министрлік жақында Үндістанның 150 азаматы мен Оңтүстік Кореяның бір азаматы ұсталғанын хабарлады. Олар «онлайн алаяқтықпен айналысу үшін елге заңсыз кірген». Шетел азаматтары Кайин штатының Мьявади-Мэхтауталай ауданында ұсталған. Олар Таиланд және басқа да елдерден келген делінеді.

Халықаралық қауымдастық Мьянмадағы алаяқтық қылмыстар желісін жоюды талап етіп, хунтаға қысым жасап отыр. Қыркүйекте АҚШ осы елдің бірнеше компаниясына санкция салған.

Биыл сәуірдің ортасында Мьянмада құлдықта болған төрт қазақ азаматы елге қайтарылғаны мәлім. Оларды айлығы жоғары жұмыс бар деген желеумен Таиландқа алдырып, артынша Мьянмаға заңсыз жеткізген. Құлдыққа түсіп қалған азаматтар алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топтың колл-орталықтарында істеген.

2024 жылы 200-ге жуық қазақстандық Мьянмада құлдықта болғаны туралы мәлімет тараған еді.

Сондай-ақ оқыңыз