Қазақстан 2029 жылы электр энергиясы тапшылығын толық жоймақ

Қазақстан 2029 жылға қарай елдегі электр энергиясына деген қажеттілікті толық жабуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта 2025 жылы 621 МВт-тан астам қуат көздерін іске қосу көзделген.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында энергетика және электр энергиясы саласын дамыту мен цифрландыру барысы туралы баяндаған энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов мәлімдеді.
«Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттылықты арттыруға және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған жүйелі шараларды тұрақты түрде қабылдап келеді. Энергетика саласын 2035 жылға дейін дамыту жоспары аясында 26 гигаваттан астам жаңа генерациялық қуатты іске қосу көзделген», – деді ол.
Жаңа қуаттар қолданыстағы станцияларды жаңғырту және жаңа генерациялық нысандар салу арқылы енгізіліп жатыр. Былтыр 771 мегаватт жаңа қуат іске қосылған, оның ішінде 608 МВт – дәстүрлі, ал 163 МВт – жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК).
«Жалпы, энергетика министрлігі 2029 жылға дейін 6,6 гигаватт жаңа қуат енгізуді көздейтін 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мысалы, 2025 жылы 621 мегаваттан астам қуат енгізіледі, оның ішінде 166 МВт – дәстүрлі, ал 9 ЖЭК нысанының жиынтық қуаты – 455 МВт. Қазіргі таңда 370 МВт іске қосылды, оның ішінде 216 МВт – ЖЭК. Жыл соңына дейін тағы 251 МВт енгізіледі», – деді Ерлан Ақкенжанов.
2026 жылы шамамен 2 600 МВт қуат енгізу жоспарланған, оның ішінде 8 ЖЭК нысаны – жалпы қуаты 174 МВт. 2027 жылы шамамен 1 500 МВт қосылмақ, оның 13 ЖЭК нысаны 573 МВт өндіреді. 2028 жылы 2 000 МВт-тан астам қуат іске қосылады, оның ішінде 3 ЖЭК нысаны – 245 МВт.
«Осылайша, 2029 жылы Қазақстан экономикасының электр энергиясына деген барлық қажеттілігі толық қамтылып, ұлттық энергетикалық жүйеде профицит (артық қуат) қалыптасады және елдің экспорттық әлеуеті артады», – деп атап өтті министр.
Министрліктің мәліметінше, елдің энергожүйесі қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергожүйелерімен параллель жұмыс істейді. Жүйе 237 энергия көзінен тұрады, оның 79-ы – дәстүрлі генерация көздері, қалған 158-і – жаңартылатын энергия көздері.