Банктер 41,6 трлн теңге кредит берген: несие пайызы тағы қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Несие пайызы тағы қымбаттады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қыркүйек айында екінші деңгейлі банктер беретін кредиттердің пайыздық мөлшерлемесі айтарлықтай қымбаттады. Ұлттық банктің мәліметінше, бизнеске берілетін кредиттің де, халық алатын қарыздың да пайызы өсім көрсеткен. Әсіресе, тұтынушылық бағыттағы несие қымбаттаған.

Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін теңгеде алынған кредиттің орташа сыйақысы 21%-дан 21,4%-ға көтерілген. Ал заңды тұлғалар үшін мөлшерлеме бір айда 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 19,1%-ды құрады.

Банктер шетелдік валютада беретін кредиттің пайыздық мөлшерлемесі біршама төмен. Қаржы ұйымдары заңды тұлғалар мен халыққа орта есеппен 6,9 пайызбен кредит береді.

Қазіргі кезде банк секторының ел экономикасына берген кредиті 41,6 трлн теңгені құрайды. Соның 17,6 трлн теңгесі бизнестің алған несие болса, халық банктерге 24 трлн теңге қарыз.

Халық 6,7 трлн теңгеге ипотека рәсімдесе, 16,2 трлн теңгеге тұтынушылық несие алған. Қалған сома басқа мақсатта деп көрсетілген.

Кредиттің қымбаттауы базалық мөлшерлеменің көтерілуімен байланысты. Ұлттық банк негізгі мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға жеткізген.

Сондай-ақ оқыңыз