Қазақстан мен Қытай шекарасында астық тиелген 3000 вагон тұрып қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Шекарада астық тиелген вагондар тұрып қалды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мен Қытай шекарасында астық тиелген 3000 вагон тұрып қалған. Бұл туралы «Қазақстан темір жол компаниясы» хабарлады.

Қазан айында Қытай Халық Республикасы Алтынкөл бекеті арқылы келетін пойыздарды қабылдауды азайтқан. Егер бұған дейін тәулігіне 14 пойыз қабылданса, қазір бұл көрсеткіш 10 пойызға дейін төмендеді, кей күндері 6 пойыз өтіп жатыр.

Өйткені Қытайдың уәкілетті органдары қазақстандық астық өнімдеріне терең тексеріс жүргізіп жатыр. Астық Үрімші және Бейжің қалаларында зертханалық сараптамадан өтеді. Бұл тексеру процесі 5–10 күнге дейін созылады.

Осы жағдай Қазақстан тарапының теміржол инфрақұрылымындағы қозғалысқа әсер етіп, Қытай бағытына жөнелтілуі тиіс экспорттық және транзиттік жүгі бар шамамен 3 000 вагон жиналып қалған.

Инфрақұрылымның тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы контейнерлік пойыздардағы кейбір экспорттық астық жүктерін қабылдауға уақытша шектеу енгізді. Енді бұл бағытта тәулігіне 3 пойыздан артық қабылданбайды.

«Бұл шара уақытша және мәжбүрлі түрде қабылданып отыр. Мақсат – ҚТЖ жауапкершілігінен тыс аумақта орналасқан қабылдаушы инфрақұрылымның нақты мүмкіндігімен жөнелтулер көлемін сәйкестендіру», – делінген хабарламада.

Жалпы, Қазақстан теміржол желісі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және бекітілген жүк көлемдерін тасымалдауға толық дайын.

Бұған дейін Қазақстан 2026 жылдың күзіне дейін астық экспортына субсидия төлейтіні хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз