«Президент құттықтағанда балаша қуандым» – түрік қызын жыққан түркістандық

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шұғыла Өмірбек Сербияда алтын алды/ Фото: IMAGO/Kadir Caliskan via Reuters Connect Нака

Әйелдер күресінен әлем чемпионы атанған Шұғыла Өмірбекке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Changan x5 автокөлігінің кілтін табыстады. Ал бапкері Нұржігіт Ерімбетовке 2 млн теңге берілді.

Бұған дейін балуанды президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жетістігін «тарихи жеңіс» деп атады.

21 жастағы Шұғыла Өмірбек Түркістанда тұрады. 9 жасынан бастап күреспен айналысып келеді. Бала күнінен Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде жаттыққан.

«Сербиядағы әлем чемпионатының (U23) жеңімпазы атану – менің ең үлкен жетістігім. Бұған бір ай, бір жылда жеткен жоқпын, 12 жылдық еңбегімнің жемісі. Жарыстың алдында екі апта Алматы облысында оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Оған дейін де Түркістанда дайындықты тоқтатқан емеспіз», – дейді Шұғыла.

Әлем чемпионына көлік берілді/фото: Түркістан облысы әкімдігі

«Кеткен есемді қайтардым»

Шұғыла Өмірбек финалда түрік спортшысы Туба Демирмен белдесті. Қазақстандық спортшының сөзінше, екеуі бұған дейін алаңда кездесіп, Шұғыла қарсыласына есе жіберген.

«Жасөспірімдер арасындағы сайыста түрік қызымен күрестім. Ол кезде 9:7 есебімен жеңілім қалдым. Арада 4 жыл өтті. Әлем чемпионатында есемді қайтардым десем болады. Бапкерім нұсқау көрсетіп отырды. Қолдауының арқасында жеңіп шықтым», – дейді Шұғыла Өмірбек.

«Тоқаев құттықтағанда, балаша қуандым»

Сербиядағы жарыс 24 қазанда өткен. Әуелі спортшыны бапкері мен жарысқа бірге барған спортшылар құттықтаған.

«Таңертең президентіміздің құттықтағанын көріп балаша қуандым. Мен үшін үлкен мәртебе. «Тарихи жеңіс» деп бағалағаны ерекше әсер қалдырды. 2017 жылдан бері қазақ қыздары бұл жарыста тек 3-орын алған. Финалға шыққан кезде өзіме «алтын алуым керек» дедім. Психологиялық жағынан өзімді дайындадым», – дейді спортшы.

Шұғыла болашақта Олимпиада ойындарында бақ сынап, жеңіске жеткісі келеді.  

Айта кетейік, Шұғыла Өмірбек Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында әйелдер арасында алтын медаль алды. 55 келіде сынға түскен спортшы финалда Еуропа чемпионы, Түркия спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен ұтты.

Сондай-ақ оқыңыз