Үкімет талапты күшейтті: шағын мұнай өңдеу зауыттарының үштен бірі жабылуы мүмкін

Энергетика саласындағы жаңа экологиялық және техникалық талаптар ондаған шағын мұнай өңдеу зауытының жұмысына қауіп төндіріп отыр. «PetroCouncil» мұнай-газ кеңесінің жазуынша, шағын МӨЗ-дердің үштен бірі қызметін тоқтатуы ықтимал.
Өйткені Үкімет қолда бар өндірістік әлеуетті күшейту үшін елдегі шағын мұнай өңдеу зауыттарына талапты қатаңдатпақ.
Үкімет қандай талап қойып отыр?
Энергетика министрлігі «Ашқы НҚА» порталында арнайы заң жобасын жариялаған. Жоба бойынша 2029 жылдан бастап шағын мұнай өңдеу зауыттары өндірістің кемінде 45%-ын жоғары сұранысқа ие мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуі тиіс. Яғни олар:
- бензин (К4, К5),
- дизель отыны (К4, К5),
- сұйытылған газ,
- энергетикалық отын өндіруге міндеттеледі.
Бұл талап – мұнай өңдеу саласын жаңғыртып, ішкі нарықты сапалы отынмен қамтамасыз етуге бағытталған шара. Қазіргі таңда үш ірі зауыт – Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дері мұндай талаптарды орындап отыр. Олардың өндірісіндегі сұранысқа ие жанармай үлесі 65–75% аралығында. Ал шағын МӨЗ-дердің көрсеткіші әзірге өте төмен.
Терең өңдейтін технология жоқ
Бірақ бұл шешім отандық өңдеу саласының бір бөлігін тоқырауға ұшыратуы мүмкін деген қауіп бар.
Қазақстанда 30-дан астам шағын МӨЗ тіркелген, оның 22-сі жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық жобалық қуаты – 2 млн тонна мұнай. Бірақ олар өндірген өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа жарамайды. Себебі олар өндіретін өнімнің 50%-на дейін мазут, 15% шамасын – нафта, 30%-ын кеме немесе пешке арналған отын құрайды.
Бұл өнімдер – дайын жанармай емес, жартылай фабрикат деңгейіндегі шикізат. Сондықтан шағын МӨЗ өндірісінің 70–90%-ы экспортқа кетеді.
Бұл кәсіпорындардың басым бөлігі шикізатты терең өңдеумен айналыспайды. Олар тек алғашқы айдау қондырғыларымен шектеледі. Терең өңдеу технологиясы жоқ болғандықтан, сапалы бензин немесе дизель өндіре алмайды.
Жаңа талаптың салдары қандай
Бұл ретте мұнай-газ саласының мамандары жаңа талаптардың салдары ауыр болуы мүмкін дейді. Егер 45% сапалы жанармай өндіру талабы күшіне енсе, шағын зауыттардың 20–30%-ы жабылуы мүмкін. Себебі:
- Терең өңдеу қондырғыларын орнату қымбат;
- Бір зауытты жаңғырту үшін жылына 100 мың тонна мұнай өңдеу қуатына $20–25 млн инвестиция қажет;
- Олардың көпшілігінің айналым қаражаты жеткіліксіз;
- Банктерден несие алу қиын, пайыздық мөлшерлеме жоғары;
- Шикізат тапшылығы бар: шағын МӨЗ-дер мұнайды квотамен алмайды, өздері табуға мәжбүр.
«Атамекен» палатасының өкілі Мұратбек Махановтың айтуынша, егер қолдау болмаса, шағын өңдеу секторының үштен бірі құлдырайды.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жыл басынан бері жанармай бағасы өсіп келеді. Бастапқыда 5 теңгеге қымбаттайды деген министрлік, кейін отын құны тағы арта түсетінін ескертті.