Астанада 600 мың теңгенің тортына қатысты дауға нүкте қойылды

Астана соты құрақшы-блогер Әсел Батырбекова (Аселина Батыр) мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы дау бойынша шешім шығарды.
Бұған дейін Ақбергенова торттың қалған құны ретінде 500 мың теңге өндіруді сұрап сотқа талап арыз жолдаған. Аа ар-намыс, қадір-қасиетке және іскерлік беделге нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді таратқаны үшін моральдық зиян ретінде 3 000 000 теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұраған.
Азаматтық істі қараған судья Гүлзада Рашқалиеваның шешіміне сәйкес, Әсел Батырбекова кондитерге торттың қалған құны ретінде 200 мың теңге, моральдық зиян ретінде 100 мың теңге төлейді. Тапсырыс берген кезде блогер 100 мың теңге төлеген.
Сондай-ақ блогер әлеуметтік желідегі парақшасында кондитер Ақбергенованы «алаяқ» деп атаған мәлімдемесін жоққа шығаруға тиіс.
Айта кетейік, сот отырысы барысында блогердің шетелдік дипломаттың әйелі екені, торт дауы әлемнің 28 еліне тарап кеткені айтылды.