Депутат зейнетақы ақшасын пайдалану құқығын шектеуге қарсы шықты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Депутат зейнетақы ақшасын пайдалану құқығын шектеуге қарсы / Фото: kursiv.media архиві

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов зейнетақы ақшасын пайдалану құқығын шектеуге қарсы пікір білдірді.

Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Қошмамбетов кез келген шектеу зейнетақының бір бөлігін пайдаланғысы келетін азаматтардың өмірін қиындата түсетінін айтты. Оның пайымдауынша, жемқорлық схемалар болса, оның анық-қанығын анықтап, тек кінәлі адамдарды жазалау керек. Ал адал азаматтарға өз мүлкін пайдалануға кедергі келтірмеген жөн.

«Бұл жағдайда олардың Конституциялық құқығы бұзылып жатыр деп есептеймін. Кез келген мүлікті сатқан жағдайда салықты төлеуге міндетті, бірақ өз мүлкін сатуды шектей алмаймыз. Еркін елміз. Өз мүлкін әркім өз қалауынша пайдалануы керек. Ешкімге сатпа деп қалай айта аламыз? Зейнетақы жүйесіндегі азаматтардың ақшасы – ол азаматтардың өз ақшасы. Сол себепті біз оның жинаған ақшасына оң көзбен қарауымыз керек. Екіншіден, не себепті азаматтың құқығын шектеп отырмыз. Тергеу органдары өз құзіреті шеңберінде кінәліні тапсын, схеманы анықтасын. Бұл жерде азаматтар ақымақ емес екенін дәлелдемеуі керек, кім кінәлі екенін құқық қорғау органдары дәлелдеуі керек. Бұл схемаларда ол аз десеңіз, мемлекеттік шенеуніктердің де қатысы бары айтылады. Соларды анықтап, тапсын. Қарапайым азаматтардың қолымен біз неге заң бұзушыларды не үшін анықтауымыз керек? Жылдамдықты асырмас үшін жолды мүлде жауып тастамаймыз ғой. Бұл дұрыс емес. Салық органдары да кәсіпкрелерді шектеуге тырысады», – дейді депутат.

Еске сала кетейік, «Отбасы банкке» түскен өтінімдердің 88 пайызы тіс емдеуге қатысты болған. Сондықтан министрлік осы бағытта қаражат пайдалануды уақытша тоқтатты. 2026 жылғы 15 сәуірге дейін стоматологиялық қызметтер бойынша өтінім қабылданбайды.

Сонымен қатар министр көзге жасалатын операциялар, орфандық ауруларды емдеу және қымбат оталарға зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі сол күйінде қалатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз