Жеті жылға сотталған Хаменова тойға қалай барып жүр – адвокат Құспанның жауабы

Атырау облысы әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы кешеден бері қызу талқыға түсті. Жеті жылға сотталған шенеунік жас балаларының болуына байланысты жазасын кейін өтеуге міндеттелген. Десе де оның емін-еркін тойға баруы заңды ма? Журналистер Мәжіліс кулуарында депутат әрі заңгер Абзал Құспанға осы сұрақты қойды.
Депутаттың пікірі
Абзал Құспан сот актілерінің бірізділігі жоқтығына қатысты сын пікірлерін бұрын да айтып келе жатқанын жеткізді. Айтуынша, Бақытгүл Хаменованың кейсін өзі зерттеп көрмеген.
«Сот актісін көргеннен кейін ғана айта аламын. Әрбір сот үкімінде шешімде баласына қатысты жаза мерзімі кейінге қалса жазылады. Сонымен бірге, шектеулер болады. Түнгі оннан кейін үйден шықпау, көңіл көтеретін орындарға бармау дегендей шектеулерді айтып отырмын. Сондай шектеу бар ма, жоқ па – көргенде ғана айта аламын. Көрмей тұрып оның әрекеті заңға қайшы ма, жоқ па – айту қиындау», – деді Абзал Құспан.
Депутаттың сөзінше, осы әрекетке моральдық тұрғыда баға бере алмайтынын, заңгер болғаннан кейін тек заң призмасы тұрғысынан қарайтынын жеткізді.
«Қазір әркім әрқалай түсініп қалуы мүмкін. Бір кісілер «мынау Хаменованың артына шам алып түсіпті» деуі де ықтимал. Сондықтан сот актісін бір рет зерттеп көрейін. Сот актісінде «үкім етті» дегеннен кейін шектеулер бекітіледі. Кейбір адамдарға түнгі оннан кейін үйден шығуға рұқсат бермеуі мүмкін. Үкім қалай жазылды – соған байланысты. Егер осындай талап болып, сол мерзімнің ішінде ол бұзылса, мұның арты үлкен салдарға апарып соғады», – дейді ол.
Сондай-ақ тілші депутаттан Қазақстанда жемқорларға әртүрлі жаза тағайындалатынын, оның себебі неде екенін сұрады.
«Қытайды алып қарайық. Мемлекеттік қызметте, аудандық қызметте, су шаруашылығында қызмет еткен, құбырларды білетін адамдарды ол елдің билігі шетелге шығармайды. Меніңше, бізге де сондай талаптарды енгізу керек. Осындай қызметке әу баста мойынсұндың ба – елге сыртқа шықса зияны тиетін ақпаратты білдің бе, демек, елден шығуға шектеу қою керек. Ал бізде үлкен өкінішке қарай бір кездері Антикорды басқарып, Бас прокурорды басқарған, бүкіл мемлекеттік құпияны білетін адам өзге елдің азаматтығын алып отыр. Бүкіл архивті біле тұра біздің елдің қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істесе біз не істейміз? Сондықтан дәл осы салада тәртіп болуы керек», – деп жауап берді Абзал Құспан.
Хаменоваға шыққан үкім
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 15 қарашасында Бақытгүл Хаменоваға сот үкімі шықты. Сот үкіміне сәйкес, Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейді. Хаменова сот залынан үйіне жіберілді. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев те 7 жылға бас бостандығынан айырылды. «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталды.
2022 жылдың желтоқсанында Атырау қаласының №2 сотына Бақытгүл Хаменовадан, оның адвокаты Игорь Вранчевтан, Өмірбек Адамовтан және Ақылбек Рысқалиевтың адвокаты Нұрбол Жолболовтан апелляциалық шағым түсті. Апелляциялық сот Хаменоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, Курсивмедиа тілшісі Бақытгүл Хаменоваға шыққан сот үкімі актісіне үңілмек болған. Алайда ресурстың қызметі уақытша жабық болды.