Қазақстан 12 млн тонна астықты экспортқа шығарады

Биыл елде 27 млн тонна астық жиналды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Азат Сұлтановтың айтуынша, ішкі сұранысқа оның үштен бірі, яғни шамамен 9 млн тонна жұмсалмақ.
«Биыл 27 млн тонна астық жиналды. Ішкі нарықты нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге 9 млн тоннасы жұмсалады. Бұл көлем елдің нан және ұн өндірісін толық қамтамасыз етуге жетеді. Қалған 12-13 млн тонна экспортқа бағытталады», – деді Сұлтанов.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан биыл да дәстүрлі бағыттарды – Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан нарықтарын сақтап қалмақ. Сонымен қатар соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында Африка мен Еуропа елдері, сондай-ақ Грузия, Әзербайжан және Иран бағыттары ашылған. Алдағы кезеңде Оңтүстік Азия елдеріне де экспорт жолға қойылмақ.
Бүгінде ел аумағында 30 млн тонна астық сақтай алатын қойма қоры бар. Оның 13 миллионы лицензияланған элеваторларға тиесілі болса, қалғаны – шаруашылықтардың өз қоймаларында сақталады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2026 жылдың күзіне дейін астық экспортына субсидия төлейтінін жазғанбыз.