Ресейлік «Лукойл» шетелдегі активтерін Gunvor Group-ке сатып жатыр

Ресейлік «Лукойл» компаниясы Gunvor Group Ltd-мен өз шетелдік активтерін сату жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Тараптар мәміле бойынша негізгі шарттарды бұрын келісіп қойған.
Сату нысаны – LUKOIL International GmbH, яғни ЛУКОЙЛ тобының шетелдік активтерін басқаратын 100% еншілес компания.
LUKOIL мәліметінше, Gunvor ұсынысын қабылдағаннан кейін компания басқа әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізбеуге міндеттенді.
Мәміле «ЛУКОЙЛ»мен оның еншілес ұйымдарына қарсы енгізілген шектеу шараларымен байланысты. Келісім толық аяқталғанға дейін халықаралық активтердің үздіксіз жұмысын және олардың банктік қызметтерін қамтамасыз ету мақсатында тараптар АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты OFAC лицензиясын ұзарту және өзге де рұқсаттар алу үшін өтініш беруді жоспарлап отыр.
Gunvor Group Ltd – әлемдегі ең ірі тәуелсіз мұнай трейдерлерінің бірі.
АҚШ пен Ұлыбритания санкциясына іліккен соң «Лукойл» ресейлік мұнай компаниясы шетелдегі активтерін сататынын жариялаған.