«Адам бір сәтте өліп кетеді»: аритмолог жүрек ырғағының бұзылу салдарын айтты

Аритмология – жүректің қатты не баяу соғуын зерттейтін әрі емдейтін сала. Мұны медицинада аритмия не жүрек ырғағы бұзылуы деп атайды. Алайда елде қанша адамның бұл аурумен ауыратыны белгісіз, себебі статистикасы дұрыс жүргізілмейді. Кей адам ауру туралы инсульт алған кезде бір-ақ біледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аритмологі Аян Әбдірахманов айтты.
Kursiv.Media тілшісі маманнан жүрек ырғағы не себепті бұзылатынын, жүрекке қойылатын аппараттың қанша жылға жарамды екенін сұрады.
– Аян Сүлейменұлы, елде жүрек ырғағы бұзылған деген есепте қанша адам тұр?
– Қазақстанда жүрек ырғағы бұзылғандардың статистикасы нашар жүргізіледі. Жүрек ауруымен ауыратын әр үшінші адамның жүрек ырғағы бұзылған. Назар алдымен ишемиялық жүрек ауруы, артериялық гипертензия, жүрек жетіспеушілігі ауруларына бөлінеді. Сол себепті дәл қазір қанша науқас барын нақты айта алмаймыз.
Жүрек ырғағы бұзылысы 60-қа келген адамдарда жиі анықталады. Кей жағдайда туа біткен жүрек ақауынан да пайда болады. Қазақстанда статистика болмағаннан кейін дүние жүзіндегі, Еуропадағы статистикаға жүгінеміз.
Аритмияға шалдыққан науқастардың екі пайызы жүрекше фибрилляциясымен ауырады. Ол асқынса, адам инсульт алады.
– Ал елде маман жеткілікті ме?
– Операция және диагностика жасайтын небәрі 40 адам бар. Тағы аритмологиямен айналысатын 30 шақты кардиолог бізге науқас жіберіп, оларды дайындайды. Демек, жалпы 70 маман бар.
– Жүрек ырғағы бұзылысы неден пайда болады?
– Адам өскен сайын жүрек те шаршай бастайды. Әрине, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Зиян сусындар ішу, темекі тартудан тамыр бітеледі. Ол жүректің кеңеюіне, әрі қарай ишемиялық ауруға әкеледі. Бәрі бірге жүрек ырғағының бұзылуына алып барады. Жүрек ырғағы бұзылуынан адам кенеттен қайтыс болады.
– Жүрекке операция жасалғаннан кейін арнайы құрылғы қойылып жатады. Оның жарамдылық мерзімі бар ма? Әлде өмір бойына жарай ма?
– Технология қатты дамып жатыр. Бір мысал келтірейін. 2017 жылы 30 жастағы әйелдің жүрегіне арнайы құрылғы қойдық. Бір аппарат 8 жылға жарады. Биыл ауыстырып бердік. Демек, орташа алғанда 8-10 жылға жарайды. Бұл бағытта да жұмыс жүріп жатыр. Келесі шығатын құрылғылар 15-20 жылға жарамды болады.
– Ал жылына қанша операция жасалып жатыр?
– 2024 жылы жүрек ырғағына қатысты 9 500 операция жасалды. Бұл республика бойынша жасалған ота саны. Ішінде иплантация, катетерлік абляция да бар. Бұл әлі де жеткіліксіз, көбейтуге болады. Ол үшін дәрігерлердің біліктілігін арттыру қажет.
Жүрекше фибрилляциясы (жүрекшенің ретсіз және өте жиі жиырылуы) ауруын алсақ, 30% адамда ешқандай симптом болмайды. Бізге көрінбейді. Мұндай адамдарға диагноз инсульт алған кезде, медициналық тексеру барысында қойылады.
Тағы 30% адамда ауру дәріге көнеді. Кардиолог, терапевт бақылауға алады. Науқас үнемі дәрі ішіп жүреді. Жағдайы асқынбайды.
Тағы 30% науқастың шағымы болады. «Жүрегім қатты соғып тұр», «жүрегім дұрыс соқпай тұр», «басым айналады» деген шағыммен жүгінеді. Осындай шағыммен түскен адамдардың 10%-ына ғана көмектесіп жатырмыз.
– Кофе, алкоголь, энергия беретін сусындар бұл ауруға алып келе ме?
– Кофенің бауырға пайдалы тұстары бар. Кез келген дүниені көп ішуге болмайды. Аздап тұтынса, пайдасын көруге болады. Кешке дейін кофе, энергетикалық сусын ішу ағзаға зиян келтіреді. Ол ауруға әкелуі мүмкін.