2026 жылдан бастап салық жүктемесін есептеу тәртібі өзгереді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Салық жүктемесін есептеу тәртібі өзгереді / Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда бизнестің салықтық жүктемесін бағалау тәсілі жаңарады. 2026 жылдан бастап салық органдары жүктеме коэффициентін жаңа әдістеме бойынша есептейтін болады. Бұл көрсеткіш компаниялардың бюджетке төлейтін нақты салық көлемін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

Finratings.kz мәліметінше, өзгерістер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 23 қазандағы №620 бұйрығымен бекітілген.

Коэффициент нені көрсетеді

Салық жүктемесінің коэффициенті – белгілі бір салық төлеушінің (заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер) табысына түсетін салықтық ауыртпалықтың деңгейін сипаттайтын көрсеткіш.
Қарапайым тілмен айтқанда, ол компания табысының қанша бөлігін мемлекетке салық пен алым түрінде төлейтінін көрсетеді.

Бұл көрсеткіш салық органдарына:
– бизнестің адалдығын бағалауға,
– күмән тудыратын төмен төлемдерді анықтауға,
– бір саланың ішіндегі компанияларды салыстыруға мүмкіндік береді.

Жаңа есептеу тәртібі

2026 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті (МҚК) салық жүктемесінің орташа салалық көрсеткішін жыл сайын есептеп отырады. Бұл мән заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін жеке анықталады.

Есептеу:
әр өңір мен ірі қалалар (Астана, Алматы, Шымкент) бойынша;
жалпы және арнайы салық режиміндегі компаниялар үшін бөлек жүргізіледі;
КГД деректері негізінде есепті жылдан кейінгі жылдың 1 мамырына дейінгі мәліметтер арқылы жасалады.

Орташа салалық мән жыл сайын 1 шілдеге дейін жарияланады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде жеке кәсіпкерлердің 85%-ы жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істеп, жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайтынын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз