Келешекте су тапшылығына дайын болуымыз керек – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, әңгімелесті. Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Десе де бірқатар мәселеге де назар аударып, пікірімен бөлісті.
Тоқаев ең алдымен дүние жүзіндегі ахуал күрделі екенін еске салды.
«Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек», – деді Президент.
Президент өңір үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін де атап өтті. Өйткені келешекте су тапшылығы болуы әбден мүмкін.
«Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 трлн берді. Бұл – үлкен мүмкіндік», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда су ресурстары тиімді пайдаланылмайтынын, тұрмыста да, экономика салаларында да су мүлде үнемделмей, далаға кетіп жатқанын айтқан еді.