Белгілі журналист Мақсат Тәж-Мұрат қайтыс болды

67 жасқа қараған шағында белгілі журналист, жазушы Мақсат Тәж-Мұрат өмірден озды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы хабарлады.
«Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұраттың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қарашада Атырау облысы Қосшағыл ауылында дүниеге келген. 1978-1983 жылдар аралығында қазіргі ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде оқыған. 1983-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты секретары, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып істеген.
1990-1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент болды. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
2006-2007 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 2007-2009 жылдары «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 2009 жылы Астана қаласына ауысып, 2013 жылға дейін «Астана» журналының бас редакторы болып істеді.
Мақсат Тәж-Мұрат «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» кітаптарының және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған жүзге тарта мақаланың авторы.