Алматыда өзіне қол салған оқушының отбасы жайлы белгілі болды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Алматы облысы, Саймасай ауылында өзіне қол салған оқушының отбасына қатысты жайттар белгілі болды. Облыстық білім басқармасы бұған дейін отбасында ұрыс-жанжал болмағанын, балаларға зорлық жасау оқиғасы тіркелмегенін мәлімдеген. Бірақ ауыл тұрғындары мүлде басқа пікірде.

Tengrinews тілшісіне пікір берген тұрғынның сөзінше, қайтыс болған оқушы анасы және өгей әкесімен бірге тұрған. Өзінен үлкен 9 сыныптағы ағасы және 3 сыныптағы інісі бар.

«Өгей әкесі анасын ұрып соққан, ол үнемі шағымданып жүретін. Үсті-басы көкпеңбек болып келеді. Бір рет баламды шынжырлап қойды, түні бойы шынжырда отырды деген. Бір күні қыста кіші ұлы жалаңаяқ, аш келді. Үйге кіргізіп, тамақ бердім. Артынан шешесі келіп ұрыс шығарды. Ал өздері екі күн үйінде болмады, үнемі ішіп жүреді», – деді ол тілшіге.

«Не молчи» қорының дерегінше, отбасындағы балалардың ауыр жағдайы туралы үш жыл бұрын да жазылған.

«Өгей әкесі бұрын екі рет кісі өлімі бойынша сотты болған. Ол отбасымен ешкім айналыспаған, ешкім қарамады. Балалардың қандай жағдайда болғанына басын ауыртқан жоқ», – деген еді Дина Смаилова тікелей эфирде.

27 қазанда Саймасай ауылында алтыншы сынып оқушысының денесін үйінің ауласында тапқан. Балалардың құқығын қорғау бойынша уәкіл Динара Зәкиева қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.

Бұған дейін де қыркүйекте Алматы облысында мектеп оқушысы өзіне суицид жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз