Елдегі барлық футбол клубы жекеменшік инвесторларға берілмек

Қазақстандағы кәсіби футбол клубтары алдағы 2–3 жылда жекеменшік инвесторлардың қарамағына өтуге тиіс. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) кәсіби жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, футбол клубтарын жекеменшікке беру үшін барлық жағдай жасалған. Бақытжан Пазылхайырдың мәліметінше, биылдың өзінде 4 футбол клубы жеке инвесторға сатылған.
«Жақында Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жеке кәсіпкерге берілді. Бұл инвестор алдағы екі жылда 12 млрд теңгеге жаңа академия салуды міндетіне алды. Негізгі көңіл балалар футболына және жаттықтырушыларды даярлауға бөлінеді», — деді Бақытжан Пазылхайыр.
Қазан айының соңында «Қайсар» футбол клубы жаңа иесінің TAU GROUP компаниясы екенін, ал оның иесі кәсіпкер Ислам Қозбақов екенін ресми түрде хабарлады.
Сондай-ақ жақында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» футбол клубы жекеменшікке өтетінін мәлімдеді.
Қазақстанда жалпы 32 кәсіби футбол клубы бар, олардың 35%-ы жекеменшік иелігінде. Жекешелендіру арқылы клубтағы басқару жүйесі өзгереді. Пазылхайыр клубқа келген инвестор біріншіден нәтижені және табыс табуды алға қоятынын атап өтті. Осы негізде футбол клубтарындағы барлық жүйе өзгереді.
Айта кетейік жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Freedom Holding Corp. еншілес компаниясы Freedom Finance Қарағандының «Шахтер» футбол клубына арнап стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытып отырғанын хабарлаған.
Сонымен қатар Сергей Канға тиесілі «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубын сатып алуды қарастыруда. Бұдан бөлек, Kaspi Group (оның үлес иелерінің бірі – Михаил Ломтадзе) Астананың «Жеңіс» клубын сатып алып, футбол инфрақұрылымын дамытуға қаржы құюды жоспарлап отыр.
Еске салайық, 2025 жылғы тамызда Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтикті» жеңіп шықты.