Бублик алғаш рет Мастерстің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Париж қаласында Мастерс санатындағы ірі турнирдің жартылай финалына шықты. Ол 31 қазанда түнде австралиялық Алекс де Минаурды үш сетте жеңді.
Ширек финалдағы тартысты матч 2 сағат 23 минутқа созылды. Бублик алғашқы сетте тай-брейкте есе жіберсе, одан кейінгі екі партияда басым түсті. Есеп 6:7 (5), 6:4, 7:5. Қазақстанның бірінші теннисшісі осы матчта 16 мәрте эйс орындап, екі рет брейк жасады.
Осылайша Бублик ATP-1000, яғни Мастерс санатындағы ірі турнирдің жартылай финалына шықты. Ол канадалық Феликс Оже-Альяссиммен финалға таласады.
Бублик осы жетістігі арқасында ATP рейтингінде алғаш рет 11-орынға көтерілді. Парижде финалға шықса, үздік он теннисші қатарына қосылады. Бұған қоса, Бублик жылдың үздік теннисшілері ғана ойнайтын қорытынды турнирге қосалқы ойыншы ретінде бара алады. Үздіктер турнирі Турин қаласында өтеді.
«Мен Туринге тікелей өте алмаймын, қосымшы ойыншы ретінде қатыса аламын. Феликс мені жеңіп жатса, үздік сегіздікке кіре алады. Екеумізге де маңызды матч болғалы тұр», – деді Бублик.
Феликс пен Александр арасындағы матч 1 қарашада кешкі сағат 18:30-да басталады. Тағы бір жартылай финалда Янник Синнер мен Александр Зверев кездеседі.
Естеріңізге сала кетейік, Александр Бублик 2025 жылы төрт турнирде жеңіске жетті: Галле (ATP-500), Гштаад (ATP-250), Кицбюэль (ATP-250) және Ханчжоу (ATP-250).