Ауғанстанда тағы да жер сілкінісі болып, 150 адам зардап шекті

3 қарашаға қараған түні Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласы маңында магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі болды. Провинция билігінің мәліметінше, кемінде жеті адам қаза тауып, шамамен 150 адам жарақат алған.
АҚШ Геологиялық қызметінің хабарлауынша, жер сілкінісінің эпицентрі Мазари-Шарифтің маңында, 28 шақырым тереңдікте орналасқан. Қаланың халқы шамамен 523 мың адамды құрайды.
«Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша жалпы 150 адам жарақат алып, жеті адамның денесі мен зардап шеккендер медициналық мекемелерге жеткізілді», – деді Reuters агенттігіне Саманган провинциясының денсаулық сақтау департаментінің өкілі Самим Джоянда. Оның сөзінше, қаза тапқандар саны әлі де өсе түсуі мүмкін.
Жер сілкінісінен Мазари-Шарифтегі қасиетті орындардың бірі – әйгілі Көк мешіттің бір бөлігі қираған. Балх провинциясының өкілі Хаджи Заид бұл туралы мәлімдеді.
Жерасты дүмпулері Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Пәкістан аумақтарында да және Қазақстанның оңтүстік өңіріне де сезілді.