Санкциялардан кейін Түркия Ресейден мұнай алуды азайтты

Түркияның мұнай өңдеу зауыттары Ресейге қарағанда Ирак пен Қазақстаннан мұнай сатып алуды көбейтті. Оған АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбританияның Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізгені себеп болды. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters жазады.
SOCAR Turkey Aegean Refinery – Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі, ол Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі. Дереккөздердің айтуынша, зауыт желтоқсан айында жеткізілуі тиіс Ирак, Қазақстан және өзге де ресейлік емес өндірушілерден төрт партия мұнай сатып алған.
Тағы бір ірі компания Tupras та Ресейден тыс елдерден мұнай сатып алуды көбейтіп жатыр. Reuters дерегінше, компанияның иелігіндегі екі зауыттың бірі жақын уақытта ресейлік мұнай импортынан толық бас тартуы мүмкін. Сонымен қатар, Tupras алғаш рет Бразилиядан мұнай сатып алған, ал қараша айының басында Анголадан Mostarda маркалы мұнайдың екінші партиясын алады деген болжам бар.
Түркия – Қытай мен Үндістаннан кейін Ресей мұнайын әлі де сатып алып отырған санаулы ірі нарықтардың бірі. Елге импортталатын мұнайдың 47 пайызы, яғни тәулігіне шамамен 317 мың баррель, Ресейден жеткізілген.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына санкция салған.