Қараша айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 600-700 млн доллар сатуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақ айында тең 3,5 пайызға нығайды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы айтарлықтай нығайды. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, ұлттық валюта бір ай ішінде 3,5%-ға күшейіп, ай соңында 1 АҚШ доллары үшін 529,96 теңге деңгейінде қалыптасты.

Қазақстан қор биржасында (KASE) валюта нарығындағы белсенділік те артты. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі қыркүйектегі 248 млн доллардан қазанда 271 млн долларға дейін ұлғайған. Ал жалпы айлық сауда көлемі 6 млрд АҚШ долларын құрады.Алайда сарапшылар теңгенің бұл нығаюын «бір реттік құбылыс» деп бағалаған.

Ұлттық қордан қазанда 660 млн доллар көлемінде валюта сатылды. Бұл қаражат республикалық бюджетке трансферт бөлу және «Талдықорған–Үшарал» магистральдық газ құбыры сияқты инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталды.

Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда көлемінің шамамен 11%-ын немесе күніне орта есеппен 30 млн долларды құрады.

Ұлттық банк қараша айында да валюта сатуды жалғастырады. Үкіметтің алдын ала өтінімдері мен фискалдық түсімдерді ескере отырып, Ұлттық қордан 600–700 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланып отыр.

Айналымдағы өтімділікті реттеу мақсатында қазан айында нарықтан 475 млрд теңге алынған. Дәл осындай сома қараша айына да жоспарланған.

Айта кетсек, қазан айында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор компаниялары экспорттан түскен 279 млн долларды сатқан.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюталық активтері бұрын бекітілген стратегияға сәйкес шамамен 40% деңгейінде сақталуда. Осыған байланысты Ұлттық банк қазанда да, қараша айында да зейнетақы активтеріне валюта сатып алу операцияларын жоспарлап отырған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз