Алматыдағы алғашқы крематорий денсаулық сақтау басқармасының балансына берілді

Жоғары аудиторлық палата Алматыдағы крематорийді қала әкімдігінің тиісті ұйымының балансына беру процесі аяқталғанын хабарлады. Енді крематорий Денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық патологиялық-анатомиялық бюро» ШЖҚ КМК балансында болады.
Аудиторлық палатаның мәліметінше, Алматы қаласының әкімдігі 2021 жылы салынған крематорийді қала әкімдігіне қарасты бейінді ұйымның балансына берген.
«Объект бұдан бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит негізінде берілді, оның нәтижелері бойынша Алматы әкіміне баланс ұстаушыны белгілеу тапсырылған болатын. Нәтижесінде әкімдіктің 2025 жылғы 17 қазандағы қаулысымен объект Құрылыс басқармасының балансынан Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық патологиялық-анатомиялық бюро» ШЖҚ КМК балансына берілді»,– делінген хабарламада.
Крематорий жұмысы қашан басталатыны барлық нормативтік рәсім аяқталғаннан кейін жарияланады. Жалпы крематорийдің құрылысы мен сыртқы инженерлік желілерді тартуға жиыны 1,7 млрд теңге жұмсалған.
Осыған дейін алғашқы крематорийді Алматы қаласының меншігіне беру мәселесі қарастырылып жатқаны жайлы жазған едік.