Министрлік ет бағасы қымбаттамайды деп уәде беріп отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
В Казахстане бизнес не может найти мясо по доступной цене
Фото: kursiv.media архиві

Ет бағасы сұраныстың артуы себепті қымбаттаған. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазіргі кезде баға тұрақтанғанын айтады. Министр ресми дерек бойынша еттің келісі орта есеппен 3249 теңге деп тұжырымдайды.

«Ресми статистика бойынша, орташа баға бүгін таңертең 3249 теңге болды. Базар нарқы сондай. Бағалар шамамен 3500–3600 теңге аралығында, ал жоғары сапалы ет 4300–5000 теңге шамасында. Жалпы алғанда, баға тұрақты және әзірге осы деңгейде сақталады», – деді Сапаров.

Оның сөзіне қарағанда, бағаның өсуі жыл басында сыртқы нарықтардағы жоғары сұраныспен байланысты болған. Алайда қазіргі уақытта министрлік ішкі нарықты бақылауда ұстап отыр.

Десе де министр жаңа жыл қарсаңындағы және 2026 жылдың алғашқы айларындағы бағаға қатысты нақты болжам жасаудан бас тартты.

«Алдын ала болжам айтпай-ақ қояйық. Бағаны осы деңгейде ұстап тұруға тырысамыз. Себебі біз қазір тірі малды экспортқа шығармаймыз, ал ет экспорты квота арқылы реттеледі. Сондықтан қиындық болмауы тиіс», – деп атап өтті Сапаров.

Бұған дейін қоғам қайраткері Төлеутай Рахымбеков ет бағасы 15–20 мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам айтқан болатын. Алайда министрлік қазіргі таңда мұндай қауіптің жоқ екенін, нарықтағы жағдай тұрақты екенін мәлімдеп отыр.

Алдағы жоспар қандай?

Айдарбек Сапаров кейінші екі жылда негізінен өсімдік шаруашылығына басымдық берілгенін айта келіп, енді мал шаруашылығын дамыту көзделіп отырғанын жеткізді.

«Қазіргі кезде мал шаруашылығын кешенді дамыту бағдарламасын жасап жатырмыз. Соның негізінден шаруаларға ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беріледі. Айналым қаржысын көбейтуге, өңдеуші кәсіпорындарға 5 пайыздық кредит беріледі», – деді министр.

Сонымен қатар ірі қара мен қой басын көбейту мақсаты тұр. Министр 2026 жылдан мал шаруашылығына үлкен қолдау болады деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз