Қаржы министрлігі салық жүйесін тазартты: 14 жүйенің орнына 5-ақ қалды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ОКҚ

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мемлекеттік қаржыларды цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін жариялады. Бұл жұмыс Қаржы министрлігінің барлық бағыттарын – салық және кедендік әкімшілендіруден бастап, бюджеттік жоспарлау, мониторинг және мемлекеттік активтерді басқаруға дейін қамтыған.

Тұрысов не дейді

Әсет Тұрысовтың айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйелеріне тәуелсіз IT-аудит жүргізілген. Соның нәтижесінде жаңа ақпараттық архитектура қалыптастырылып, жүйелердің саны 14-тен 5 негізгі жүйеге дейін қысқартылған. Олар: Smart Data Finance (SDF), Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі (ИСНА), СУР, ЭСФ және «Keden». Бұл тәсіл заманауи микросервис архитектурасына көшуге, өнімділікті арттыруға және жасанды интеллект құралдарын енгізуге мүмкіндік берді.

Smart Data Finance пен «Keden»

Цифрландырудың орталық элементі – Smart Data Finance жүйесі болды.

«Ол 74 дереккөзден алынған ақпаратты біріктіретін мемлекеттік қаржылардың талдамалық орталығы болып табылады. Жүйе салықтық процестерді автоматтандыруға, қағаз құжат айналымын азайтуға және жасанды интеллект негізінде кірістерді болжауға мүмкіндік береді», – дейді Тұрысов

2024 жылдың сәуірінен бастап «Keden» ақпараттық жүйесін енгізу басталды. Ол бұрын қолданылған «АСТАНА-1», «Бірыңғай терезе» және ТАИС жүйелерін алмастырды. Жаңа жүйе кедендік рәсімдеудің барлық кезеңдерін автоматтандырады, бұзушылықтарды онлайн-режимде тіркейді және шешім қабылдауда жасанды интеллектті пайдаланады.

Ұлттық тауарлар каталогы және Baqylauda

Цифрландырудың маңызды құралдарының бірі – «Ұлттық тауарлар каталогы» мемлекеттік деректер базасы. Ол бұрын бөлек жұмыс істеген анықтамалықтар мен классификаторларды біріктірді. Бүгінде каталогта 15 миллионнан астам тауар туралы ақпарат бар. Осы негізде Бағалар деректер базасы құрылып, бюджеттік жоспарлауда қолданылады және нақты нарықтық деректер есебінен қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бизнеске қолдау көрсету саласында да айтарлықтай өзгерістер енгізілуде. «Baqylauda» жүйесі мемлекеттік қолдау шараларын мониторингтеу мен талдауды қамтамасыз етеді.

Tapsyru

Мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану мақсатында «Tapsyru» электрондық порталы іске қосылды. Ол мемлекеттік ұйымдар арасында пайдаланылмай жатқан активтерді онлайн форматта беруді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда жүйеге 23,9 мыңнан астам ұйым қосылған, ал деректер базасында шамамен 20 миллион нысан туралы ақпарат бар. Бұл қайталанатын сатып алуларды болдырмай, бюджет шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«Бюджеттік процестердің ашықтығын арттыру үшін онлайн-бюджеттік мониторинг және мемлекеттік органның цифрлық профилі жүйелері енгізілді. Олар нақты уақыт режимінде кірістерді, шығыстарды, несиелеу мен қаржылық тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект элементтері бюджеттік көрсеткіштерді 95% дәлдікпен болжауға мүмкіндік береді», – дейді вице-министр.

Сондай-ақ, «Кәсіпкерлердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл Қаржы министрлігінің барлық цифрлық сервистерін біріктіретін бірыңғай платформа болып табылады. Оның көмегімен кәсіпкерлер салық және кедендік есептілікті тапсыра алады, мемлекеттік сатып алуға қатысады, салық төлейді және хабарламалар алады.

Айта кетейік, бұған дейін енді қарызы бар азаматтар туралы дерек салық мекемелеріне жіберілетінін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз