Сотқа береді: мемлекет мақсатсыз жұмсалған гранттарды кері қайтарғалы жатыр

Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттен «кәсіп бастаймын» деп грант алып, ақшасын мақсатсыз жұмсаған азаматтарды сотқа береді. Осылайша, Үкімет бөлінген қаражаттың мақсатты түрде пайдалануын қамтамасыз етпек.
Жұманғарин не дейді
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, егер кәсіпкер грантты мақсатынан тыс пайдаланса немесе жобада жоспарланған нәтижелерге (мысалы, жұмыс орындарын ашу) қол жеткізбесе, өңірлік үйлестіруші бұл деректі комиссия қарауына шығарады. Комиссия шартты бұзу туралы шешім қабылдаса, кәсіпкерге қаражатты қайтару туралы хабарлама жіберіледі.
«Бұл ретте ЖАО тұрақты негізде мемлекеттік грант қаражатын қайтару туралы хабарламаның орындалу мерзімдеріне мониторингті жүзеге асырады және кәсіпкер тарапынан хабарлама орындалмаған жағдайда сот тәртібімен мемлекеттік грант қаражатын қайтарады», – дейді Жұманғарин.
Сандар сөйлесін
Ресми есеп бойынша, 2024 жылы грант 8 941 адамға (негізінен әлеуметтік осал топтар) берілген. Жалпы сома – 13,1 млрд теңге. Алайда олардың 1 303-і зейнетақы жарналарын төлемеген. Кейін 1 022 адам міндеттемесін орындаған, қалған 281-імен жұмыс жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бастаған бір топ депутат 2024 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 12,7 млрд теңге грант берілгенімен, алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығына қаржы жұмсаса да, нарықтағы ет пен сүт бағасы қымбаттап тұрғанын айтқан еді.
Депутаттың сөзінше, бұған қоса, 2022 жылы грант алғандардың 50%-дан астамы кәсіпкерлікті тоқтатқан, ал декларация тапсырғандар – небәрі 16,6%. 2023 жылы да жағдай қайталанып, 9,1 мың адамның 32%-ы көп ұзамай бастаған кәсібін тоқтатқан.
«Бизнестің жол картасы» аясында бөлінген 1,4 млрд теңгенің 30%-ы жұмыс істемейтін кәсіпорындарға кеткен. 2023 жылы 2,3 млрд теңге күмәнді жобаларға жұмсалған.
«Нәтижесінде, бюджет қаражаты ұзақмерзімді тиімділікке жеткізбей, кәсіпкерлік қолдауға деген қоғамдық сенім төмендеуде. Шынайы бизнес-идеясы бар азаматтар тыс қалып, әділеттілік қағидаты бұзылып отыр. Мұндай жүйелі кемшілікті назардан тыс қалдыру – экономикалық саясаттың пәрменділігіне тікелей нұқсан келтіреді», – дейді ол.
Депутаттар осыған байланысты есеп бермеген немесе күмән тудырған гранттық жобалар бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылғы 20 қазаннан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтініш қабылдау басталғанын жазғанбыз.