Тимур Турловқа тиесілі Freedom Broker тоғыз айдағы қызмет нәтижесін жариялады

Жарияланды
Freedom Broker 9 айдағы қызмет нәтижесін жариялады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Серікжан Қобланбаев

Freedom Broker клиенттерінің саны артып келеді. 2025 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, компанияда 310,5 мың белсенді есепшот ашылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 80,6 мыңға көп. Қаңтар–қыркүйек айларында жаңа шоттардың өсім қарқыны 23,6%-ды құрады, ал бағалы қағаздармен жасалған мәмілелердің жалпы саны 27,2 млн-ға жетті.

Ең танымал акциялар қандай

Freedom Broker клиенттері арасында қазақстандық нарықта Halyk Bank (мәмілелер көлемі $38,3 млн), БЦК ($34,2 млн) және «Қазатомөнеркәсіп» ($26,2 млн) акцияларымен ең көп сауда жасалған.

Ал америкалық нарықтағы сауда көлемі бойынша көшбасшылар Petrobras ($3,2 млрд), Newmont Corporation ($3 млрд) және Alibaba Group Holding ($2,5 млрд) болды.

Мәмілелер саны бойынша Қазақстанда – Halyk Bank, ал АҚШ-та – Nvidia мен Tesla акциялары алдыңғы орында тұр.

Технологиялық серіктестік

Freedom Broker сауда алаңы International Trading System (ITS) компаниясымен әріптестікті жалғастырып, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Қыркүйек айында ITS алаңында жаңа өнім – Single Stock ETF іске қосылды. Ол әлемдегі ірі компаниялардың акцияларының үлесін сатып алуға мүмкіндік береді. Алғашқы жинаққа жеті компанияның қағаздары кірді, оның ішінде Freedom Holding Corp. (FRHC) те бар.

Сонымен қатар Freedom Finance Global PLC халықаралық «Астана» қаржы орталығынан Tech for Finance Excellence Award сыйлығын алды. Бұл марапат қаржы саласындағы инновациялық шешімдерді енгізгені үшін берілді.

Қыркүйек айында Freedom компаниясы Қазақстан нарығында соңғы жеті жылда алғаш рет секьюритилендірілген облигацияларды шығарып, олардың жалпы көлемі 1,1 млрд теңгені құрады. Бұл мәміле елдегі қаржы құралдарын дамыту мен инвесторлар мүмкіндігін кеңейту бағытында маңызды қадам болды.

Freedom Broker сонымен қатар Қазақстан қор биржасында (KASE) жетекші позициясын сақтап қалды:

  • Freedom Finance Global қарыз және мемлекеттік бағалы қағаздар секторларында бірінші орынды иеленді;
  • «Фридом Финанс» АҚ – РЕПО секторында көш бастады.

Freedom Finance Global қаржы нәтижесі қандай

2025 жылдың үшінші тоқсанының соңында компания активтері $245,9 млн-ды құрап, дивидендтер төлеуге байланысты 7%-ға азайды. Міндеттемелер 65,4%-ға қысқарып, $54,8 млн болды, ал меншікті капитал 80,2%-ға өсіп, $191,1 млн-ға жетті.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша таза пайда $93,2 млн болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38,3%-ға төмен. Төмендеу пайыздық кірістің қысқаруы және доллар нығаюы жағдайында валюталық активтерді қайта бағалаумен байланысты. Дегенмен, комиссиялық кірістер 86%-ға өсті.

«Фридом Финанс» активтері азайды

Компания активтері 207,6 млрд теңгеге (-27,3%) дейін төмендеген. Оған Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерген соң, бағалы қағаздардың қайта бағалануы себеп.

Міндеттемелер 82%-ға азайып, 22,4 млрд теңгені құрады, ал меншікті капитал 14,4%-ға өсіп, 185,2 млрд теңгеге жетті.

Таза шығын 1,3 млрд теңгені құрады, оған саудаға шығарылған бағалы қағаздардың әділ құнының төмендеуі себеп.

2025 жылғы 1 қазан жағдайы бойынша компания KASE-де 96 құрал және AIX-де 3 құрал бойынша маркетмейкер қызметін атқарды.

Freedom Finance Global және «Фридом Финанс» АҚ халықаралық инвестициялық топ Freedom Holding Corp. құрамына кіреді. Холдингтің акциялары Nasdaq биржасында FRHC тикерімен саудаланады.

Freedom Holding Corp. – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік және инвестициялық холдинг. Холдинг CEO-сы және негізгі акционері – кәсіпкер Тимур Турлов.

Қазақстанда холдинг брокерлік қызметті Freedom Broker (KASE қатысушысы – «Фридом Финанс» АҚ) және Freedom Finance Global (AIX қатысушысы) брендтері арқылы ұсынады. Бұдан бөлек, елде холдингтің еншілес ұйымдары: Freedom Bank, Freedom Insurance, Freedom Life және басқа да қаржы құрылымдары жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз