«4 трлн теңге пайда»: азаматтардың картада жатқан ақшасына сыйақы есептелуі мүмкін

Қазақстандық банктер соңғы бес жылда ағымдағы шоттарға пайыз төлеуге тыйымның арқасында 4 трлн теңге пайда тапқан. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мұны «мемлекеттің банктерге жасаған сыйы» деп атады.
«Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Саиров соңғы жылдары банктер азаматтардың және квазимемлекеттік сектор компанияларының ағымдағы шоттарына пайыз есептеуге 2018 жылдан бастап енгізілген тыйымның есебінен триллиондаған теңге пайда тапқанын айтты. Депутат бұл шешім ірі қаржы институттарының мүддесін қорғауға бағытталған деп санайды.
Депутат дерегінше, соңғы бес жылда банктердің жиынтық табысы 8,2 трлн теңгені құраған. Оның ішінде тек өткен жылы банктердің 2,5 трлн теңге таза табысының шамамен 1 трлн теңгесі осы тыйымның арқасында алынған. Биыл 9 айдағы 2 трлн теңге табысының 800 млрд теңгесін осы жолмен тапқан.
«Егер жалпы қарасақ, мемлекет соңғы бес жылда банктерге 4 трлн теңге сыйлаған. Бұл – мамандардың есебі. Сондықтан мен Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жүгінемін: біз бюджетке қосымша қаржының нақты көзін таптық. Енді осы қаражатты тиімді пайдалануымыз қажет. Мемлекет пен азаматтардың жоғалтқан табысы үшін кім жауап береді, мен соған жауап беретін кез келді деп есептеймін» – деді депутат.
Ол банктер квазимемлекеттік сектор шоттарына пайыз есептей бастаған жағдайда түсетін қосымша табысты ел мүддесіне сай жұмсау қажет екенін атап өтті.
Депутат сауалына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова бұл ұсынысты реттеуші қолдап отырғанын жеткізді. Бұл тыйым 2018 жылы банктердің қорландыру деңгейін көтеру үшін енгізілген. Енді қазақстандықтар ағымдағы шоттағы ақшасы үшін сыйақы есептелуі мүмкін. Алайда агенттік басшысы бұл сыйақы депозиттің пайызынан бірнеше есе төмен болатынын айтады.
Бұл ретте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шоланқұловтың айтуынша депутаттардың ұсынысы екінші оқылымда қаралмақ.