Амнистия нәтиже бермеді: кредиті кешірілгендер қайтадан қарызға батқан

2019 жылы басында борышы көп біраз азаматтардың қарызы кешірілген еді. Алайда бұл шара нәтижелі болмады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бұл бастамадан кейін кей азаматтар қайтадан несие алып, тағы да қарызға батқан дейді.
Әбілқасымованың айтуынша, амнистиядан кейін халықтың бір бөлігі қайта қарыз алып, тағы да төлемеуге көшкен.
«Кей адамдар бес-алты жыл сайын несие кешіріледі деп ойлап, қарызды қайтаруға немқұрайлы қарай бастайды. Бұл – бюджетке ауыр салмақ және жауапкершілікті төмендететін жағдай», – деді ол.
Жаңа амнистия болмайды
ҚНРДА басшысы мемлекет енді жаңа амнистия жүргізбейтінін айтты.
«Мұндай шаралар бюджет есебінен жасалады, ал қазір мұндай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан біз басқа тәсілге көштік. Енді басты мақсат – адамдарды қаржы ұйымдарынан барынша қорғау және олардың жауапкершілігін арттыру», – деді Әбілқасымова.
Енді бұрын қарызын ұзақ уақыт төлемегендерге жаңа несие алу қиындайды. Егер адам соңғы бір жылда 90 күннен артық кешіктірсе, оның қарыз жүктемесі коэффициенті екі есе төмендейді: 0,5-тен 0,25-ке дейін. Бұл банктерге мұндай клиенттерге жаңа несие беруді шектеуге мүмкіндік береді.
Қазір халықтың мойнындағы кредиті 25 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде 1,5 трлн теңгесі үш ай бойы төленбеген.