Проблемалық қарыздарды коллекторларға сату мораторийі тағы ұзартылады

Қазақстанда проблемалық қарыздарды коллекторларға сатуға мораторийді ұзарту жоспарланып отыр.
Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова мораторийдің былтырдан бері күшінде екенін еске салды.
«Біз оны тағы бір жылға ұзартуды жоспарлап отырмыз. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыздарды реттеу міндетін жүктегіміз келеді. Өйткені олар несие алушының төлем қабілеттілігін бағалап, несие берген, кейін ол қарыз проблемалық болып кеткен», – деді ол.
Агенттіктің деректеріне сәйкес, 2024 жылы жеке тұлғалардың коллекторларға берілген проблемалық микронесие қарыздары 3 пайызға артқан. Яғни, 358 млрд теңгеден 370 млрд теңгеге дейін жеткен. Оның ішінде банктер берген қарыздар – 285 млрд теңге, ал МҚҰ-дан берілгендер – 85 млрд теңге.
2025 жылы коллекторлық агенттіктерге берілген қарыз талаптарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда азайған. Соның ішінде жеке тұлғалардың қарыз портфельдерін коллекторларға сатуға қойылған шектеулер әсер еткен.
Мадина Әбілқасымованың айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында қарызды реттеу туралы анықтама талабы жойылады. Бұл құжат несие алушының бір жыл бойы қаржы ұйымымен қарызды реттеу бағытында жұмыс істегенін растайды.
Айта кетейік, бұған дейін енді микроқаржы ұйымдары борышкерге күніне бір реттен артық қоңырау шала алмайтынын жазғанбыз.