Ұлынан айырылған қарағандылық үш емханадан 5 млн теңге өндіріп алды

Қарағандыда ұлынан айырылған әйел үш медициналық мекемеден 5 млн теңге өндіріп алды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылдың наурызында әйел 16 жастағы ұлын балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізген. Он күн бойы дене қызуы бар екеніне шағымданған.
Жасөспірімді ауруханаға жатқызу қажет екені айтылған. Алайда анасы бас тартқан. Соттың хабарлауынша, әйелге ауруханаға жатқызу қажет екені дұрыс түсіндірілмеген.
Артынша жасөспірім қатерлі ісікке шалдыққан болуы мүмкін деген күдікпен стационарға жатқызылған.
«Алайда аурухана басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасы оған республикалық орталықтардың мамандарын тартып, шұғыл консультация алу және науқасты бейінді мекемеге ауыстыру мүмкіндігі туралы уақытылы хабарламаған», – делінген ақпаратта.
Бала медициналық көмекке алғаш жүгіннен кейін бір ай өткенде республикалық медициналық мекеменің жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Анасы моральдық шығынды өндіру үшін сотқа жүгініп, жеңіп шықты.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысы сотында блогер Алика Мұхамадиева үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды.