Алматының тау бөктерінде 3 қабаттан биік тұрғын үй құрылысына тыйым салынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыда құрылыс ережелері өзгерді. Енді қаланың белгілі бір бөлігінде биік ғимарат салуға болмайды. Бұл шешімді Алматы мәслихаты қабылдап, ол 2025 жылдың 15 қарашасынан бастап күшіне енеді.

Жаңа ереже бойынша Талғар тас жолы, Шығыс айналма жолы, Әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшесінің (Сайын көшесінен бастап Талғарға апаратын жолға дейін, тау жақта орналасқан аудандарда) оңтүстігінде орналасқан аймақтарда ғимарат үш қабаттан, яғни биіктігі 12 метрден аспауы тиіс.

Тек кейбір нысандарға ғана жеңілдік бар. Мысалы, аурухана, мектеп, мәдениет және діни мекемелердің биіктігі 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Ал көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерін салуға мүлде тыйым салынды. Мұндай аймақтарда тек әлеуметтік және туристік бағыттағы ғимараттар ғана салуға рұқсат беріледі.

Бұдан бөлек, тау бөктеріндегі жерлерде, яғни еңісі 15 градустан жоғары аумақтарда да құрылыс жүргізуге болмайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тұрғын үй салатын жерге айналдыру шектеледі.

Жаңа ережелерде тағы бір маңызды талап – нүктелі немесе тығыз құрылысқа (уплотняющая застройка) енді рұқсат берілмейді. Бұл бұрын тек қаланың тарихи орталығына қатысты болса, енді барлық ауданға қолданылады. Яғни, бұрыннан салынған тұрғын үйлердің арасына жаңа көпқабатты ғимарат тұрғызуға болмайды.

Қала билігінің айтуынша, бұл шешімнің мақсаты — Алматының табиғи және тарихи келбетін сақтау, тау баурайындағы аймақтарды шамадан тыс құрылыстан қорғау, және қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтау.

Жаңа тәртіп Алматы тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік беруді көздейді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының тау бөктерінде тұрғын үй салуға мараторий енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз