Енді тергеу изоляторы аумағында телефон байланыстан ажыратылады

Колониялар мен тергеу изоляторлары аумағында мобильді телефондардың жұмысын тоқтату және қайта қосу тәртібі бекітілді.
Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына жаңа бөлім енгізілді. Соған сәйкес, түзеу мекемелері мен тергеу изоляторлары (СИЗО) аумағында қолданылатын құрылғылар сәйкестендіру коды (IMEI-код) арқылы жұмысын тоқтатады және қайта іске қосылады.
Енді ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі деректер базасының операторы атына IMEI-коды белгілі абоненттік құрылғыларда байланысты тоқтату туралы талап жолдайды.
Деректер базасының операторы талап түскені туралы хабарламаны ұялы байланыс операторына 1 сағат ішінде жібереді.
Ұялы байланыс операторы хабарламаны алған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты ішінде абоненттік құрылғылардағы байланысты тоқтатады.
Талап 2025 жылдың 16 қарашасынан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, «Байланыс туралы» заңның 36-2-бабына сәйкес, азамат өзіне тиесілі телефонды ұялы байланыс операторына тіркеуге тиіс.