Валюта бағамы құбылып тұр: сарапшылар теңге қайта нығаюы мүмкін деген болжам жасайды

Теңге бағамының серпіні соңғы күндері құбылмалы сипатта болғанымен, сарапшылар ұлттық валютаның нығаю әлеуеті әлі де бар екенін атап өтті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) шолуында айтылған.
Қауымдастық мамандарының пікірінше, теңгеге қолдау көрсететін негізгі факторлар – жылдың соңғы салық кезеңі мен Ұлттық банктың шетел валютасы сатылымын арттыруы. Сарапшылар бұл шаралар шетел валютасына деген сұранысты азайтып, нарықтағы теңге өтімділігін күшейтеді деп санайды.
Осы аптада доллар-теңге жұбындағы бағам құбылды. 3 қарашада доллар 4,4 теңгеге арзандаса, 4 қарашада 522 теңгеден сатылған.
Ал 5 қарашада Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бағамы 2,34 теңгеге өсіп, 525,08 теңге деңгейінде қалыптасты. Жалпы сауда көлемі 270,6 млн долларды құраған, бұл алдыңғы көрсеткіштен $85,1 млн-ға аз. Сарапшылардың пайымдауынша, сұраныстың артуына доллар индексінің жаһандық нығаюы және мұнай бағасының өзгеруі әсер еткен. 6 қарашадағы саудада доллар бағамы тағы 1 теңгеге өсіп, 526,63 теңгеге жетті.
Halyk Finance сарапшылары 2025 жылдың соңына қарай доллар бағамы 550 – 560 теңгеге жетеді, ал 2026 жылы бір доллар үшін 610 теңге болуы мүмкін деп болжаған. Басты себеп мұнай бағасының арзандауы және Ұлттық қордан валюта сатылымының төмендеуі.