Қазақстан 2026 жылы бензин мен дизель өндірісін едәуір ұлғайтпақ

Энергетика министрлігі 2025–2026 жылдары отандық мұнай өңдеу зауыттарында бензин мен дизель отынын өндіру жоспарын жариялады. Бұл туралы Kursiv.Media AutoReport порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары АИ-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің 5,3 млн тонна көлемін өндірген. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында бұл көрсеткіш 4,3 млн тоннаға жеткен. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 5,7 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 5,9 млн тоннаға дейін жеткізілмек.
Министрлік 2025 жылға Қазақстандағы бензинге деген сұраныс 5,6 млн тоннаны, ал 2026 жылы 5,9 млн тоннаны құрайды деп болжап отыр.
Ал дизель отынына келетін болсақ, 2024 жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында 4,3 млн тонна дизель өндірілген. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 4,7 млн тоннаға жеткен. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 6 млн тоннаға дейін өседі деп жоспарлануда. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, 2026 жылы дизель өндірісі 5,6 млн тонна болады деп күтілуде.
Алайда Қазақстандағы дизельге деген сұраныс әлдеқайда жоғары, 2025 жылы 6,2 млн тонна, 2026 жылы 6,4 млн тонна.
Министрлік нақты қажеттілік бұдан да көп болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұған транзиттік көлік пен жанар-жағармай бағасының айырмашылығына байланысты көрші елдерге «көлеңкелі» экспорт себеп болып отыр.
Еске салайық, 16 қазаннан бастап Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель бағасының өсуіне мораторий жарияланды. Шектеулер инфляция деңгейі тұрақталғанға дейін қолданылады.
Сондай-ақ азаматтар АИ-92 бензинінің қымбаттауына, автогаз тапшылығына шағымдана алады. Энергетика министрлігі тәулік бойы шағым қабылдайтын желі ашты.