Тоқаев Вашингтонда Қазақстандық IT-стартапперлермен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары барысында халықаралық нарыққа шыққанн қазақстандық IT-стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президентке бірқатар инновациялық жобалар, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалана отырып, кинематографиялық сапалы бейнелер жасауға арналған тұңғыш қазақстандық Higgsfield AI платформасы ұсынылды. Сондай-ақ, Deep Infra — машиналық оқыту модельдерін орналастыру және іске қосу қызметі, Valinor-биотехнология саласындағы стартап және автономды пилотсыз аппараттарды әзірлейтін ARC Drones таныстырылды.
Президентке Кремний алқабындағы Орталық Азия елдерінің стартаптары мен жас таланттарына қолдау көрсететін Silkroad Innovations технологиялық хабының жұмысы таныстырылды. Кездесуге 20-дан астам стартап өкілдері қатысып, олардың жиынтық құны шамамен 1,4 млрд доллар.
Тоқаев ұсынылған бастамалар қазақстандық IT-экожүйенің жоғары инновациялық әлеуетін көрсететінін атап өтті. Үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру стратегиялық мақсатын іске асырудың маңыздылығын атап айта кетті.
Президент АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен және АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серхио Гормен кездесу өткізіп, Қазақстан мен АҚШ арасында аса маңызды минералдар саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою шарасына қатысты.