Тоқаев Вашингтонда АҚШ Конгресінің өкілдерімен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы мүшелерінің делегациясы — Джимми Панетта, Кэрол Миллер, Билл Хайзенга және Сидни Камлагер-Довпен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Тоқаев екіжақты қатынастарды нығайтудағы АҚШ Конгресінің маңызды рөлін атап өтіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін оларға ризашылығын білдірді.
Тоқаев Джимми Панетта бастаған «АҚШ-Қазақстан» достық тобының қызметі саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел халықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері ел экономикасына американдық инвестициялар көлемі 100 млрд доллардан асқанын, бұл АҚШ-тың Орталық Азия өңіріне салған барлық салымдарының 80% екенін атап өтті.
Өз кезегінде Конгресс өкілдері Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалап, түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Қазақстан Президенті АҚШ-қа 6 қарашаға қараған түні Астана уақытымен келді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен және АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серхио Гормен кездесу өткізіп, Қазақстан мен АҚШ арасында аса маңызды минералдар саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасасу кезінде қатысты.