Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Тоқаев Трамп Ақ үй Вашингтон кездесу
Фото: Ақорда

Қазақстанның Ибраһим (Авраам) келісіміне қосылғаны ресми түрде жарияланды. Мәліметті Ақорда таратты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде кездесті. Жүздесу барысында олар Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Олар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғанын талқылады.

«Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады», – деп таратты Ақорда.

Ресми мәліметке қарағанда, Тоқев Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.

«Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі», – деп түсіндірді Ақорда.

Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.

«Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр», – деді Трамп.

Kursiv.Media АҚШ президентінің Қазақстанды осы келісімге қосқысы келетіні туралы 2025 жылғы тамызда жазған.

Авраам немесе Ибраһим келісімі – Израиль мен араб елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған келіссөздер. Бейбіт келісім 2020 жылғы күзде Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында жасалды. Осындай бастаманың жүзеге асуына Трамп әкімшілігі күш салды.

Сондай-ақ оқыңыз