АҚШ-тың Cove Capital компаниясы Қазақстанда вольфрам кенін игереді

Қазақстан ірі вольфрам кен орнын америкалық компаниямен бірлесіп игереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында жасалған ірі келісімдердің бірі – Қарағанды облысындағы вольфрам кен орнына инвестиция салу.
АҚШ-тың тау-кен саласына инвестиция салатын Cove Capital компаниясы Қазақстанның орталығы ірі вольфрам кен орындары – «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» жобаларын игеру жөнінде келісімге келген.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Сove Capital мен «Тау-Кен Самұрық» АҚ бірлескен кәсіпорын құрып, америкалық компания 70%, ал қазақстандық тарап 30% үлеске ие болады. Бірлескен кәсіпорын жобаны іске асырумен қатар, өндірілген металдың сату бағытын да бақылайды.
Кен орындарын игеруге жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 1,1 млрд доллар болмақ. Оның 900 млн долларын АҚШ-тың «Экспорт-импорт банкі» қаржыландыруға ниетті екенін білдірген.
АҚШ үкіметі вольфрамды стратегиялық маңызы бар, болатты қатайтатын және қорғаныс, өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылатын маңызды минерал деп таниды. Елде бұл металл 2015 жылдан бері өндірілмейді, ал әлемдік нарықта Қытай негізгі өндіруші болып отыр.
Cove Capital мен «Тау-Кен Самұрық» арасындағы жобадан алынатын шикізаттың едәуір бөлігі АҚШ үкіметі мен америкалық өнеркәсіптік компаниялардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталмақ.
«Бұл – АҚШ-тың маңызды минералдарға деген ұзақмерзімді сұранысын қамтамасыз етуде тарихи серпіліс», – деді Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Алтаус Reuters агенттігіне.
Алтаус бұған дейін USA Rare Earth компаниясын басқарған және жаңа келісімнің АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Сауда министрі Говард Лютниктың жеке қатысуымен келісілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаға қытайлық компаниялардың қатысуына жол бермеу мақсат етілген.
Компания өкілдерінің мәліметінше, кеніш құрылысы екі жыл ішінде басталып, үш жарым жылдан кейін алғашқы өндіріс іске қосылады. Вольфрам Қазақстан аумағында өңделеді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері бұл келісімді Орталық Азиядағы жаңа экономикалық көпір ретінде бағалады. Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау Кеннеди орталығында өткен C5+1 бизнес конференциясында сөйлеген сөзінде:
«Бұл аймақ – АҚШ тарапынан аз зерттелген, ал қазақстандық серіктестер үшін де америкалық нарық жаңа мүмкіндік береді», – деді.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстанның вольфрам өндірісі қайта жанданып, елдің сирек және стратегиялық металдар нарығындағы рөлі арта түспек. Сонымен қатар бұл келісім АҚШ-тың Қытайға тәуелділігін азайту және маңызды минералдар бойынша балама жеткізілім көздерін қалыптастыру стратегиясымен үйлеседі.
Бұған дейін Bloomberg басылымы аталмыш кен орнына қазақ үкіметінің қолдауына ие бір қытай компаниясы да таласып жатқанын жазған. Кен орындағы байлық миллиардтаған долларға бағаланады.
«Тау-кен Самұрық» компаниясының сайтында жариялаған мәліметке қарағанда, бұл екі кен орнында 12,5 мың тонна вольфрам бар.