«Асыранды балаларын азаптады» делінген ерлі-зайыптылардың ісіне нүкте қойылды

Шымкентте 6 бала асырап алып, оларды қинады, тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамады деген айып тағылған емшінің ісіне нүкте қойылды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Ер адам сот шешімімен созылмалы психикалық ауруға шалдыққан деп танылып, мәжбүрлі емге жіберілсе, әйелге қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарған. Полиция дерегінше, оның әрекетінде қылмыстық құрам болмаған.
«Оның әйеліне қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша материалдар жеке өндіріске бөлінді. Осы істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шараларының кешені өткізілді. Тергеу барысында куәгерлерден сұхбат алынды, сараптамалар тағайындалды, беттестірулер жүргізілді» делінген полиция хабарламасында.
Тергеу нәтижесіне сай күдіктіге қатысты іс тоқтаған. Шешіммен прокуратура келіскен.
Айта кетейік, өткен жылдың жазында Шымкентте жергілікті емші Астана, Алматы және Шымкент қаласындағы балалар үйінен 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергені және азаптап келгені туралы ақпарат шыққан.
Балалардың үлкені – 16 жаста, кішісі 1 жасар. Кейіннен оның бұрын да сотты болғаны анықталған. Алайда білім басқармаларына соттылығы жоқ, ақыл-есі дұрыс деген анықтама берілгені хабарланған.