Тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ – Омар Жәлелұлы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ – Омар Жәлелұлы тоқал алып, опық жегінін айтты / фото: facebook.com
Тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ – Омар Жәлелұлы тоқал алып, опық жегінін айтты / фото: facebook.com

Абайтанушы Омар Жәлелұлы жігіттерді тоқал алмауға шақырды. Өзінің тоқал алып, кейіннен мұнысына өкінгенін айтты.

Ол тоқал алуға қатысты көзқарасы қалай өзгергенін әлеуметтік желіге ашық жазды.

«Тоқал жайлы әңгіме – былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі – менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң – ұрпағың көп болады», – деді Омар Жәлелұлы.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын тоқал алу қажеттілік болған. Қазір нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді, мақтан.

 «Үлгісіздіктің көкесін көрсеттік. «Өзім білемін» дедім. Ешкімді тыңдамадым. Айтса, ұқпадым. Біраз адамдарға жел бердім. Әлі күнге дейін біраз жігіттер «Сіздің осы әңгімеңіз ұнайды» дейді. Нәпсілеріне ұнап тұрғанымен шаруасы жоқ. Қызба бастар көргісі келеді. Артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оларға бұл – қызық. Шыжығын ешкім ойлап жатқан жоқ», – деді абайтанушы.

Енді Омар Жәлелұлы тоқал алмауға шақырып отыр.  Айтуынша, бұл отбасын бұзады.

«Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар- ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Өйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын», – деді абайтанушы.  

Мұның алдында Абзал Құспан «тоқал алуды заңдастыру» ойын түсіндірген еді.

Сондай-ақ оқыңыз